405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жеткізу қиындады

  • 141
  • UPD: 17:24, 21.05.2020
Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жеткізу қиындады

Коронавирус пандемиясына байланысты әртүрлі сырқаттарды емдеуге арналған шетелдік препараттардың кейбірін Қазақстанға жеткізу қиындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлбетте қазір кейде шағымдар түседі. Әлемдік пандемияға байланысты бұған дейін жолға қойылған логистикалық процестің бәрі жойылды, көптеген елде шекара жабылды. Тіпті өз қажеттілігіне байланысты кейбір мемлекет осыған дейін шетелге шығарып келген препараттарды ендігәрі басқа елдерге сатпайтынын жария етті. Зауыттардың кейбірі тоқтап та қалды. Мәселен, Үндістандағы жағдай бойынша форс-мажор жағдай туындады. Себебі ол елдегі Махараштра штатында зауыттардың бәрі толығымен жабылды. Үндістанмен золедрон қышқылы бойынша келісім-шартымыз бар еді. Елдің өзі карантинге жабылып қалғандықтан оны алып шығу қиынға айналды», - деді «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-парақшасында өткен сұхбатта.

Айтуынша, күрделі мәселе туындағанымен екі елдің арасындағы келіссөздердің арқасында мамыр айының соңына дейін золедрон қышқылын Қазақстанға жеткізу жоспары бар. Сондай-ақ ол тағы 20 препаратты алып келуде проблема туындап отырғанын айтты.

«Жеткізу жағынан қиындық туғызып тұрған 20 препарат бар. Оның бәрін де әлемдік пандемияға байланысты Қазақстанға алып келу қиынға айналып отыр», - деді ол. Мәселен, бір мемлекет Қазақстанға осыған дейін келісілген препараттарды енді жеткізбейтінін жария етсе, онда басқа кәсіпорындармен келіссөз басталады.

«Ал егер келісім-шарт жасасқан кәсіпорын белгілі бір уақыт сұраса, онда оған препаратты кеш те болсын жеткізу құқығы компанияға беріледі. Қазір әлемде адамдардың қозғалысы шектелгенімен, тамақ пен дәрі-дәрмек тасымалына рұқсат бар. Дегенмен, кейбір препарат бойынша логистика сипатындағы қиындықтар туындағанын айта кету керек», - деді Берік Шәріп.

Хабар 24 телеарнасы