422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұраймыз – ТЖД

  • 317
  • UPD: 14:38, 27.05.2020
Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұраймыз – ТЖД

Орал қаласында 2018 жылы төрт бүлдіршін көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетсе, былтыр 7 сәби құлап, оның төртеуі көз жұмған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл да жаз басталмай жатып осындай 2 қайғылы оқиға тіркелді. Балалардың қауіпсіздігі іскер топ өкілдерін де алаңдатып отыр. Шаһардағы жеке кәсіпкердің бірі құтқарушылармен бірлесіп, көп балалы отбасылардың үйіне 100 қауіпсіздік құрылғысын тегін орнатуды бастады. Ал, төтенше жағдай қызметінің өкілдері қаладағы барлық балабақша мен білім беру мекемесінің есік-терезелеріне темір тор мен қауіпсіздік құлыптарын орнатуды, сондай-ақ көп қабатты үйлерді жобалау кезінде қауіпсіздік шараларын ескеруді сұрап, әкімдікке хат жолдады.

Оксана Сергиенко, көп балалы ана:

- Менің 6 балам бар. Үлкені 18-де болса, кішісі даярлық тобын бітірді. Карантин кезінде олар үйде болғандықтан, үнемі терезенің алдына шығып, сыртқа қарап жүреді. Енді қауіпсіздік құрылғысын орнатқасын көңілім орнына түсті. Қаржы болмағасын, өзім соны орната алмай жүр едім.

Ақылбек Ахметжанов, ТЖД басшысының орынбасары:

- Ата-аналарға, облыс тұрғындарына әсіресе, көп қабатты үйдің тұрғындарына айтарымыз, өте абай болыңыз! Балаларды ата-анасыз, ересектердің қарауынсыз қалдырмауын сұраймыз! Оның үстіне терезелерге арнайы құрылғылар бар орнататын. Сол құрылғыларды орнатып, балалардың жарақаттануының алдын алсақ екен.

Хабар 24 телеарнасы