405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда жолдарының сапасы қатаң қадағаланады

  • 167
  • UPD: 22:38, 30.05.2020

Қызылордадағы жол сапасын енді құзырлы мекеме мамандарымен қатар қоғам белсенділері де қадағалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі аймақта жаңадан төселген асфальт бірнеше айдан кейін-ақ тесіліп, көшелер қырық жамау күйге түскен. Асфальттың қалыңдығы да талапқа сай келмейді.

Бұл Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округі. Нысанбаев көшесі. Жылжымалы зертхана мамандары асфальтты ойып алды. Қалыңдығын тексерді.

5 сантиметрдің 1 сантиметрі кем. Демек бұл көшеге қажетті асфальттың 5-тен бірі төселмеген бе? Қалай дегенмен, ұтқан ешкім жоқ. Керісінше, мердігер еселеп шығынға батуы мүмкін. Бұл – бір ғана мысал.

Жандос Тұсмағамбетов, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Тұрғындар тарапынан бұған дейін көп деген уәждерін айтып, шағымданған. Яғни, мына жолдың сапасына байланысты. Сондықтан бүгін арнайы келіп, осы жолдың сапасын жылжымалы бекетпен көріп жатырмыз.

Ал арнайы маниторингтік топ 3 мәрте рейдке шығып, осы сипаттағы 13 кемшілікті анықтап, құзырлы органдарға ұсыныс берген. Биыл Қызылорда қаласында 260 көше жөнделеді. Қоғам белсенділері сол құрылысқа бөлінген қаржы желге ұшпай, мақсатты игерілсе дейді.

Ләззат Бақтыбаева, облыстық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– 2020 жылы Қызылорда қаласының әкімімен 200-ден аса көшеге жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда. Сол жолдардың сапасын анықтау мақсатында арнайы мониторинг топ мүшелері комиссияның құрамына енгізіліп отыр.

Биыл мамандар қала орталығындағы көшелерді сәндей бермей, шет аймаққа көбірек көңіл бөлуді көздеп отыр екен. Нақтырақ айтсақ, қала іргесіндегі елді мекендер мен аудандарға 100-ден аса жол түспек. Құрылыс ауқымы өте үлкен болғандықтан оның сапасын да қатаң қадағалау шараларын қолға алу маңызды,  дейді жергілікті билік өкілдері.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы