405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да бірқатар ауыл Ресейдің мобильді байланысын пайдалануға мәжбүр

  • 134
  • UPD: 08:50, 01.06.2020

Батыс Қазақстан облысының шалғай ауыл тұрғындарын ұялы байланыс пен ғаламтор мәселесі қинап тұр. Мысалы, Жақсыбай, Талов, Борсы мен Тегісшіл секілді шекарадағы ауылдарда игілік атаулының бірі болса, бірі жоқ. Отандық операторлар жете қоймаған соң ауыл халқы Ресейдің қымбат ұялы байланысын пайдалануға мәжбүр. Аудан аумағында интернет тарту жұмыстары басталыпты. Бірақ желі тек әлеуметтік нысандарға ғана жеткізілген. 

- Енді бір қиыны мына сотовая связь бізде жоқ. Интернет жоқ. Соған біздер мынандай Оралдан алып отырмыз қытайский аппарат. Осыны қосамыз да мынау приемнигі, мынау таратқышы.

Бауыржан Арыстахов аудан орталығы Жәнібектен небәрі 75 шақырым жердегі Тегісшіл ауылында тұрады. Шағын ауылға газ келіп тұр. Кешікпей ауыз су мәселесі де шешімін табады. Мал ұстаймыз. Жем-шөп жетеді. Қинайтыны ұялы байланыстың жоқтығы. Ғаламтор дегенді білмеуші едік. Қазір осылай амалдап отырмыз, дейді ол.

Бауыржан Арыстахов, Тегісшіл ауылының тұрғыны:

- Бұл тек аймағы 10 метрге алады. Ал сыртқа шығып кетсек бізге уже телефонның қажеті жоқ, ұстамайды. Интернетке кіретін болсақ российскийге ақша саламыз да сонымен 1 айға интернетке кіреді. Мұқтаж адамдар кіреді ғой енді. Бір үйде 7-8-10 мыңға барады ғой жаңағы связьдің расходы.

Биіктігі 25 метр болатын мына мұнараны ауыл тұрғындары өз күшімен тұрғызған. Содан бері де 3 жыл өтті. Жан-жағын сымтемірмен тарттық. Қандай жел шайқаса да құламасына сенімдіміз, дейді өздері.

Оразбай Ахетов, Тегісшіл ауылының тұрғыны:

- Бізге бұл вышка 200 мыңға шықты, әкелуі, тұрғызуы халық болып жиналып құрдық. Содан кейін сіздің госстандартқа жатпайды деп бізге, біз пәленбай мыңның несін әкеліп қоямыз, не басыңды ауыртайын құрмай кетті. Бұл енді шыдады, кеше 30 метр секундына жел болды, соған құлаған жоқ енді бұл құламайды деп ойлаймын. Ұялы операторға тек байланыс жүйесін құрып берсе болды.

Кең жолақты интернет желісінің жоқтығы жақсыбайлықтарды да қинайтын мәселе. Отандық операторлардың мүмкіндігі шектеулі. Сөйлесуге жарағанымен әлеуметтік желілерге жүктелгендерді аша алмайсың. Бір кем дүние. Идеологиялық басты құрал саналатын теледидар да солай. Отандық телехабар таратушы операторлардың өнімі қалтаға соққан соң ауыл тұрғындары ресейлік арналарды көруге мәжбүр.

Альмира Лұқпанова, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

- Шыны керек, көп ата-аналарда «Отау» бар деп айта алмаймын. Отау деген қымбат, менің өзім үйімде мысалы, россиялық кабель. Ол арзан. Соны алып пайдаланып отырмыз. 20 канал көрсетеді. Бағасын салыстырғанда 15-20 мыңға разница бар. Шынына келсек, ауылдың 70 проценті айта аламын, россия каналын қарап отырмыз деп. Үлкен ауыл көріп тұрсыз, оқушылар бар, ата-аналар бар, тем более Қазақстанда тұрып жатқан соң бәрінің үйіне ол кіріп тұру керек деп ойлаймын.

Азамат Сафималиев, Жәнібек ауданының әкімі:

- Осыған дейін айтылып келді мәселе, мысалы 500 адамнан асу керек, сол кезде біз барамыз, оған дейін бізге тиімсіз дегендей. Енді қазір Үкімет тарапынан тапсырма беріліп жатыр, 250 адам санынан асқан елді мекендерде ана операторлар кіріп, яғни ұялы байланыс болу керек дегендей. Барлық операторлармен жұмыс жүріп жатыр бүгінгі таңда, жұмыстары баяу енді болып тұр. Енді жақын арада шешіледі деп ойлаймыз. Енді былай қарасақ 21 ғасырда ұялы байланыс телефоны, интернетіміз бәрі де болу керек.

Биыл жыл соңына дейін облыстың Борсы, Тегісшіл, Жақсыбай, Қамысты, Тау және Ұзынкөл ауылдарына оптикалық талшықты байланыс желісі тартылады. Сол кезде ұялы байланыс мәселесі де оң шешімін табады, дейді мамандар. Бұл мақсатқа қаржы республика бюджетінен бөлінеді. Сол кезде облыс бойынша кең жолақты интернетпен қамту көлемі 80 процентке жетпек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы