423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да 15 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізеді

  • 330
  • UPD: 09:05, 03.06.2020

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Ақши ауылының тұрғындары 9 жылдан бері ауызсудан тарығып келеді. Енді мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы бөлініп, бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл 15 ауылдың тұрғындары сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді.

Мыңнан астам тұрғыны бар ақшиліктер – еңбекқор халық. Мал ұстайды, егін салады. Биыл ауыл тұрғындары Мәдениет үйінің сырты қапталып, жылу мәселесі шешілгеніне дән риза. Өйткені бұл нысанның маңызы зор.

Ілияс Бекентұров, Ақши ауылының тұрғыны:

– Бұл үлкен қызмет атқаратын мекеме. Өйткені ауылда болып тұратын әрбір мерекелі күндердің бәрі осында атап өтіледі. Концерттер ұйымдастырылып, халыққа ұсынылып отырылады. Міне, сондай жастарды болашаққа тәрбиелеу ісінде көп қызмет атқарып отырған осы мәдениет үйі.

Ақши ауылы ескі және жаңа болып екіге бөлінеді. Ескі бөлігіндегі 30-ға тарта үй әлі күнге ескіше әдіспен міне, осылайша құдықтан су басып ішіп отыр. Оның өзі бірде бар бірде жоқ әрі сапасыз. Сондықтан осы мәселе тезірек шешімін тапса дейді тұрғындар.

Негізі 2011 жылы бұл ауылға ауызсу тарту жобасы қолға алынып, қаражат бөлінгенмен, жұмыс тиянақсыз қалған. Ауылдың жартысына ғана су құбырлары тартылыпты. Оның өзінде сорғылар істен шығып, тіршілік нәрі тек 2 сағат қана беріліп келген.

Сарқыт Сейітжанов, Ақши ауылының тұрғыны:

– Ауырамыз деп шағым айтады. Ауырғанның бәрі тұздан, құмнан. Бүйректерінде құм бар. Өзім де ауырамын. Алып жүрген құдығымыздан да су шықпай қалды, көп болды. Су келеді деп жатыр, кейін тарықпаймыз деп ойлаймын.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

– Қазір 15 ауылға су бар, бірақ соны 24 сағатқа айналдыру жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биылғы жылды біз ауызсу мәселесін шешу жылы деп жариялағанбыз. Биылғы жылы осы мәселені шешетін боламыз. Бұдан басқа қаланың өзінде проблемалар бар, 38 көшеге биылғы жылы жобалар жасап бітірдік. Сол арқылы ақша бөлінетін болса, су кіргізетін боламыз.

Қазір аудан халқының 60 проценті ғана сапалы ауызсумен қамтылған. Ендігі мақсат – алдағы 3 жылдың ішінде бұл көрсеткішті 90 процентке жеткізу. Ол үшін жобалық сметалық құжаттар жасалып, жүйелі жұмыс атқарылмақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы