420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 9 мыңдай адам жұмыспен қамтылады

  • 305
БҚО-да 9 мыңдай адам жұмыспен қамтылады

Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 178 жоба жүзеге асырылуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жобалардың басым бөлігі инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және елді мекендерді абаттандыру секілді әлеуметтік саланы қамтиды. Мәселен, облыс орталығынан шалғайдағы Жәнібек ауданында жүзеге асып жатқан 5 жоба шеңберінде жүздеген ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек тауыпты.

Жәнібектегі Алма Оразбаева атындағы орта мектеп жанынан барлық талапқа сай келетін су жаңа спорт залы бой көтереді. Қазір құрылыс алаңында қайнаған қызу тірлік. Аумағы 600 шаршы метрдей болатын спорт залы баскетбол, волейбол алаңымен, киініп шешінетін және жуынатын орындарымен қамтылады. Жоба құны – 126 миллион теңге. Мердігерлер құрылысты қараша айында аяқтауды жоспарлайды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы шақырылған 20 шақты тұрғын да осы жерде еңбек етіп жүр.    

Қуаныш Тәшпенов, жұмысшы:

– Бос отырғызбайды, осылай жұмысқа шақырады. Ұнайды, еңбек етеміз, ақша табамыз.

Ал Жақсыбай ауылындағы көне білім ордасының ғимараты көптен жөндеу көрмепті.

Бағдарлама аясында мектепті талапқа сай жөндеуге 316 миллион теңге бөлінген. Құрылысқа 30 шақты жақсыбайлық тұрғын тартылды.  

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында Абай көшесіндегі автокөлік жолы қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Тау ауылындағы орта мектеп те күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы аудан бойынша биыл бағдарлама шеңберінде 5 жоба жүзеге асады.  

Мейрамбек Ибатов, Жәнібек аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры

– Бұл жобаларға 193 уақытша жұмыс орын құрылу керек болса соның 98-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдану керек. Күні бүгінге бұл жобаларға орталық ақылы жолдамамен 88 жұмысшы жолданып күні бүгін жұмыстарын жүргізуде.

Аймақта осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асатын 178 жобаның дені әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Соның аясында жалпы саны 9 мыңға тарта адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы