426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында туризмді дамыту мақсатында 9 мың га орман алқабын құру жоспарлануда

  • 341
  • UPD: 14:03, 09.06.2020

Алдағы екі-үш жылда Түркістан қаласының аумағы жасыл желекке айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Содан бері көне шаһарды қоршай ағаш көшеттері егілуде. Ағаштарды әктеп, күл-қоғыстан тазалау жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары да қолғабыс етуде.

Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылды. 3 жарым мың гектар жерге өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш отырғызылды. Биыл жыл басынан бері қала аумағында 1235 гектарға 1 млн 387 мың түп көшет отырғызылды. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда «Жасыл аймақ» мекемесінде 450 адам еңбек етеді.

Есенбек Төрехан, «Жасыл Аймақ» КММ директорының орынбасары:

–  Егілген көшеттердің бәрі қызметкерлерге бөлініп берген. Күндізгі және түнгі суғару бар. Су жүйесін көріп тұрсыздар, оған 10 тонналық қоймаға насоспен толтырып алып, ағаштардың түбіне жеке-жеке жіберіледі.

Ағынсу көктем мезгілінде жас көшеттерге Арыс-Түркістан каналы арқылы жеткізілсе, жазға қарай арнайы қазылған ұңғымалардан суғарылады. Жалпы Түркістан қаласының жазы ыстық, табиғаты құрғақ келеді. Сондықтан экологиялық ахуалы да көңіл көншітпейді. Ал қала аумағын жасыл-желекпен көмкеру – қоршаған орнаны қорғаудың ең тиімді жолы дейді мамандар. Сондықтан шаһарды айналдыра қоршай ағаш егу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қазір өңірдегі басты мәселе.

Қайрат Әбдуәлиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Әрбір түп ағаш өзіне қышқыл отынды сіңіре отырып, қоршаған ортаға оттегі бөлуі аздау болып отыр. Мысалы, 15 мың адам таза ауаны сіңіріп жатса, беруі 12 мың болып тұр. Ғылыми түрде айтқанда дамыған еуропада орман арқылы қала аумағын таза ұстау арқылы экологияға өзінің тиісті әсерін береді. Облыс әкімінің бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстың бірінші бөлігі бітті. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

Ал одан бөлек, облыста туризмді дамыту мақсатында 9 мың гектарға орман алқабын құру жоспарлануда. Бүгінге дейін соның 3 мың гектардан астамына көшеттер қондырылған. Сондай-ақ аймақтағы тұқымбақта 7 млн-нан аса әртүрлі ағаш көшеттері күтіп-бапталуда. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау, қаланы жасыл желекпен көмкеру жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары да атсалысуда. Олар демалыс күндері егілген көшеттердің түбін әктеп, қала аумағын күл-қоқыстан тазартады. Осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.

Хамит Жорабаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі акциямыз қоршаған ортаны қорғау, соның тазалығын сақтау және келешек ұрпаққа осындай таза табиғат қалдырып, қаламызды, планетамызды таза ұстау.

Мамандардың айтуынша, алдағы екі-үш жылда Түркістан қаласының аумағы тал-дарақпен көмкеріліп, жасыл желекке айналады. Ал табиғат сыйлаған байлықты күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту – әрбір тұрғынның басты міндеті болуы тиіс. Сонда ғана бүгінгі еңбек ақталып, экологиялық ахуал жақсармақ. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы