417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында автожолдардың құрылысына отандық өнім қолданылады

  • 173
  • UPD: 23:26, 15.06.2020

Маңғыстау облысындағы автожолдардың құрылысына жергілікті асфальттыбетон қолданылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі өнімнің сапасы жоғары. Мұны Бекет Ата жолы, Таушық - Форт Шевчено және Жетібай-Жаңаөзен жолдарымен күнде жүретін жүргізушілер растайды. Кәсіпорын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Зауыт Маңғыстаудың ірі көлік хабына айналып, өңірдегі инфрақұрылымның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Өндірістегі жұмыстың маңызды бөлігі осында атқарылады. Бетон, асфальт және өзге де жол құрылысына қажетті материалдардың қалай өндіріліп жатқанын жұмысшылар мына монитор арқылы бақылап отырады. Жаңа технологиялардың көмегімен өнім өндіретін зауытта бүгінде 32 адам еңбек етеді. Барлық маман арнайы оқу курстарынан өтіп, тәжірибелерін шыңдаған. 

Қанат Ибрагимов, зауыт операторы:

– Жұмыстың барлық жүру бағытын осы компьютер арқылы қадағалап отырамыз. Сырттағы жігіттерге тек осы жерден ғана сигнал барады. Біздің өндірістік асфальт бетонымыз дайын болған кезде машиналар сыртта жүрген жігіттерді шақырып, осы жерден машинаға тиеліп, дайын өнім шығып кетеді. 

Кәсіпорын сағатына 160 тонна асфальт қоспасын дайындайды. Мұнда асфальттың біренеше түрі мен қиыршық тас өндіріледі. Өндіріске қажетті шикізат облыс аумағындағы карьерлерден тасымалдануда. Бұл өнім бағасының нарықтағыдан төмен болуына мүмкіндік беріп отыр.

Асқар Елемесов, зауыт директоры:

– Тапсырманың көптігіне байланысты 2 ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Форт пен Таушық жолдарына асфальтбетон жібердік сонымен қатар, демалыс орындарына баратын жолдарға және қалаішілік жолдардың асфальтына өнім өндіріп жатырмыз. 

Зауыт 2014 жылы іске қосылған. Былтыр оны жаңғыртуға мемлекеттен 11 млн 333 мың теңге қолдау көрсетілді. 6 жыл ішінде 1 млн тоннаға жуық асфальт өндіріліпті. Отандық өнім аймақтағы жаңа жолдарды төсеуге және тозығы жеткен жолдарды жаңартуға кеңінен қолданылып жатыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы