428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте жолаушы тасымалдаушы компаниялар жұмыссыз қалуы мүмкін

  • 281
  • UPD: 21:38, 18.06.2020

Шымкентте жекеменшік автобус паркінің иелері тығырыққа тірелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы жолаушылар тасымалдаушы компаниялар үш жыл бұрын көліктерін жаңалап, сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен 10 жыл келісімшартқа отырған. Ал енді жаңа әкім Мұрат Әйтенов командасы бұрынғы келісімді біржақты бұзып, тағы автобус алуға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.

Шымкенттегі жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар тығырыққа тірелгендігін айтады. Қала әкімдігі қоғамдық көлікке жаңғыртулар жасаймыз деп шаһарға автобустар алдыруда. Ал осы бір көліктерді тасымалмен айналысатын кәсіпкерлерге несие арқылы сатып алуды басында ұсынып, кейіннен міндеттеді дейді жиналғандар. Ол оңай шаруа емес. «Ондай қыруар қаражат бізде жоқ», – дейді жеке автобус паркінің басшылары.

Бақыт Ермекбаев, жолаушы тасымалдаушы компанияның төрағасы:

–Ол автобустар қымбат. Екіншіден, автобустарды бізге беру мәселесі , 2 айлық линцензияға төлеу жағы қиын. Біз өткенде қала әкімшілігі мен СПК ға хат жазып 20-30 автобус аламыз дегенбіз. Сонда мен 40-50 млн теңге бірінші шартта төлеуім керек болып тұр.

«Карантин кезінде жолаушылар азайып, онсыз да шығынға баттық» деген тасымалдаушылар енді «алған несиемізді не істейміз» деп күйіп отыр. Себебі 2017 жылы сол кездегі әкім Ғабидолла Әбдірахымов «автобустарды жаңаласаңдар, келісімшартты 10 жылға созып береміз» деген соң қыруар несиеге автобустар сатып алған екен. Тек қазіргі әкімдік ол келісімшартты бір жақты етіп бұзып, қазіргі ісімізді «бір тиын қылды» дейді.

Дархан Каюпов, «Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының төрағасы:

– Келісімшарттың барлығы бұзылады. Қайтадан конкурсқа қатысасыңдар. Мынау 600 дей машина қалаға келе жатыр соны аласыңдар деген ұсыныс айтты.

Жығылғанның үстіне жұдырық болғандай әкімдік өзіне қарасты бірнеше автобус компаниясына субсидия беріп, сол компанияларға жолаушысы көп бағыттарды да беріп қойған. Осы жайды  жолаушылар ашына айтып отыр. Ал қала әкімдігіндегілер шаһардағы жалпы 24 тасымалдаушы компанияның ішінде жауапкершілігі аздары тым көп дейді. Тіпті, кейбіреуі өзінікі болмаса да, жекеменшік автобустардың басын құрап, ақша тауып жатқанын да жеткізді. Тасымалдаушылар ішінде соңғы үш жылда шыққан автобусты алғандарға еш кедергі жоқ дейді. Биліктегілер оларға тиіспейміз дейді.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

– Ол өзі қарызға кіргісі келмесе, автобусты алмай-ақ қойсын, өзінің жаңа автобусымен жұмыс істей берсін. Егер де ол да ескі автобус болса, онда оған жұмыс жоқ. Ол жаңа автобуспен жұмыс істеуі керек. Біздің талап осындай.

«Жұмыс бәріне жетеді» деген қала әкімінің орынбасары жаңа автобустарды алғандарға субсидия берілетіндігін айтады. Ал Шымшаһарда көп ұзамай заманауи халықаралық стандарттағы қоғамдық көліктердің жүретін күні де алыс емес көрінеді. Сол себепті де миллионды мегаполисте жолаушылар тасымалдау жүйесі толық жаңармақ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы