422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның ауылдарында дәрігерлік қызмет сапасы артып келеді

  • 436
  • UPD: 09:10, 19.06.2020

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында 10 мың адамға қызмет көрсететін жаңа емхана салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 197 миллион теңге бөлінген. Ал аудандық аурухана өз қаражаты есебінен бірнеше бөлімге жөндеу жүргізіп, жаңа құрал-жабдық сатып алыпты. Сондай-ақ коронавирус індетімен күрес мақсатында жұқпалы аурулар бөлімі де қайта жаңғыртылып, дәрігерлер 3 жедел жәрдем көлігі және жеңіл машинамен қамтылды.

Бұл аудандық емхананың тіс емдеу бөлімінің күрделі жөндеуден кейінгі көріністері. 30 жылдай назардан тыс қалып келген бөлімнің дәрігерлері бұрын қыста тоңып, құрал-жабдықтың ескілігінен көптеген қызмет түрлерінен қағылып келгендерін айтады. Ал қазір өзгеріс жер мен көктей.

Раушан Нұрмұхамбетова,  дәрігер-стоматолог: 

- Бұрынғыдай емес, осы жаңадан кабинетіміз ашылғалы, көріп тұрсыздар, қандай жарық. Және де су бәрі орталықтандырылған. Ауру бұрынғыдай емес, арнайы орынға түкіреді, ол орталықтандырылған жүйемен кетіп отырады. Бұрын целлофан дорбаға түкіріп, ол қоқысқа тасталатын. Қазір түгелі қамтамасыз етілген. Бұрынғыдай емес, науқастарға түсті полимерден пломба саламыз қаладағыдай. Тісті өсіріп соңғы технологиямен, тастарын аламыз сканермен, бұрын экскаватормен кішкене ауруға да жайсыз болатын, бізге де қолайсыз болатын. 

Емхананың 2 және 3-қабаты толық күрделі жөндеуден өтіп, оған аурухананың үнемделген қаржысынан 50 миллион теңге бөлінген. Заманауи жарық бөлмелер, жаңа жиһаздар мен құрал-жабдық дәрігерлер ғана емес, науқастардың да көңілін көтереді. Жұрт бұрын көптеген талдамалар бойынша 600 шақырымдағы облыс орталығына сабылып келсе, енді зертхананың да мүмкіндіктері кеңейе түскен.

Гүлмира Өзбекханова, зертхана бөлімінің меңгерушісі: 

- Ауыл тұрғындарына өте қолайлы жағдай, бұрын осындай гармондар, биохимияның кейбір жоқ түрлерін қалаға барып тапсыратын болса, Өскемен, Семейге. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары айтуға болады дерлік анализдердің барлық түрлерін бізден өтіп, операцияларға бара алады. Барлық анализдерді қарап отырсақ, 50-ден астам түрі жасалады біздің зертханада. 

1960 жылы салынған жұқпалы аурулар бөлімі ғимараты да жөндеуден өтіп, 23 миллион теңге жұмсалыпты. Қазір мұнда оттегі желісі тартылып,  өкпені жасанды желдету қондырғысы мен монитор орнатылған. Қауіпті дертпен күреске барынша жағдай жасалған. 

Заңғар Бидайықов, бас дәрігердің орынбасары: 

- Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 256-бұйрығы бойынша қазіргі таңда инфекция бөлімінде 10 инфекциялық төсек, бір реанимациялық төсек жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда бұл жерде реаниматолог, инфекционист дәрігер басқа да кіші буынды медицина буыны жұмыстарын жасап жатыр. Биылғы жылы 197 миллион теңгеге аудан орталығы Үржар ауылына 10 мың адамды қамтитын дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Биыл құрылыс жұмыстарын бастап, келесі жылы 21-жылы құрылысты аяқтайтын болады. 

Биыл жөндеу жұмыстары емхананың бірінші қабатында жалғасады. Әбден тозығы жеткен жеделсатыны ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар бірнеше жедел жәрдем көлігі алынып, шалғай ауылдардағы емдеу нысандары да біртіндеп жөндеуден өткізіліп жатыр. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы