431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жазасын өтеушілер жаңа мамандықтарды меңгеруде

  • 337
  • UPD: 22:30, 21.06.2020

Ақмола облысының түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер карантин кезінде жұмыс істеп, табыс тапты.

Төтенше жағдай уақытында оларға әдеттегіден 1,5 есе көп тапсырыс түскен.

Сотталғандар, артында қалған отбасы мен туған-туыстарына қаржы аударып, қарыздарын да өтеуге мүмкіндік алған. Енді олар қамауда жатып жаңа мамандық меңгереді.

Түзету мекемесіндегі тігін шеберханасы елдегі төтенше жағдай кезінде екі ауысымға бөлініп, күндіз-түні жұмыс істепті. Нәтижесінде 40 мың дана маска мен 400 дана қорғаныш костюмі тігілген. «Олардың көбі блок-бекеттердегі мамандарға тегін таратылды», – дейді мұндағылар. Сотталғандардың өздеріне қажетті төсек-жабдық пен киім-кешек те осы жерден шығарылады. Ал мұнда жазасын өтеп жатқан 30 адам еңбекпен қамтылған.

Евгений Франц, жазасын өтеуші:

– Көп көлемде маска тіктік. Енді, міне, тағы да қорғаныш костюмдерін тігіп жатырмыз. Жақында екі рет сыйақы алдық. Одан бөлек 47 мың теңге айлығым бар. Үйдегілерге көмектесіп, жәбірленушінің алдындағы қарызымның бір бөлігін өтедім.

Жанайдар Омашев, «Еңбек-Астана» РМК филиалының директоры:

– Бүгінде өндірісте қылмыстық атқару жүйесі мен полиция департаментінің қызметкерлеріне арнайы киімдер де тігіледі. Қорғаныш костюмдерін де соларға жібереміз. Жалпы, коронавируспен күресіп жатқан мамандарға барынша көмектесіп жатырмыз.

Мекеме аумағында темір өңдеу цехы да бар. Өндіріс ошағы кәнігі кәсіпорындардан кем емес. Оның бір ғана дәлелі, бұл жерден Степногорск подшипник зауытына қосалқы бөлшектер жіберіледі. Одан бөлек, жазасын өтеушілер, темірден түрлі бұйымдар жасап, құрылыс материалдарын да шығарады.

Түзету мекемесінің қабырғасында кәсіптік колледж де бар. Сотталғандар мұнда бес түрлі мамандық бойынша білім алады. Оқу курсы – 10 ай. Жазасын өтеушілердің арасында осы орайды пайдаланып, тіпті, бірнеше кәсіпті меңгергендер де бар.

Владимир Низов, жазасын өтеуші:

– Мен қазір тігінші мамандығы бойынша оқып жатырмын. Диплом алуға жақын қалды. Ал оның алдында дәнекерлеуші мамандығын меңгердім. Бұйыртса, жуырда бостандыққа шығамын. Сол кезде осында алған білімнің бәрі қажет болады деп ойлаймын. Ал өзімнің негізгі мамандығым – қаржыгер.

Жалпы, түзету мекемесінде 500 адам жазасын өтеп жатса, олардың 100-ден астамы ғана жұмысқа жұмылдырылған. Бұл, әлбетте, аз. Сондықтан жұмыс орындарын ашу арқылы сотталғандарды жан-жақты тәрбиелеу мекеменің басты міндеттерінің бірі болып отыр.

Тимур Сәдуақасов, түзету мекемесінің бастығы:

– Қазір сотталғандарды жұмыспен қамту үшін Степногорск қаласының әкімдігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде мекеме уақытша аумағына шағын және орта бизнес нысандары орналастырылады. Міне, солар өздеріне қажетті жұмысшыларды жазасын өтеушілердің арасынан алады.

Карантинге байланысты қазір сотталғандарға, тіпті, жақындарымен онлайн байланысқа шығу да қарастырылған. «Мұндай мүмкіндік кесте бойынша жазасын өтеушілердің барлығына беріледі», – дейді мұндағылар. Мамандық меңгеріп, еңбек еткен оларға енді тек түзету мекемесінен түзеліп шығу ғана қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы