418,83 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы мерейтойына орай «Теміртау – алтын бесігім» халықаралық конференциясы өтті

  • 213
  • UPD: 23:10, 03.07.2020

Елбасының мерейтойына орай және елорда күні қарсаңында «Теміртау – алтын бесігім» атты халықаралық интернет-конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге еңбек еткен замандастары, қоғам қайраткерлері қатысты. Кездесудің дәл бүгін өткізілуі тегін емес. Осыдан тура 60 жыл бұрын алғашқы шойын балқытылып, Қазақстан Магниткасы қалыптасқан болатын.

Теміртау қаласының тарихы  Елбасы есімімен біте қайнасып жатыр. Осыдан тура 60 жыл бұрын мұнда домна пешін салуға әр қиырдан мыңдаған адам жұмылдырылған болатын. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Жалынды жастар алғашқы шойынды алып, Қазақстан Магниткасы қалыптасты. Бүгін комбинатта мерейтойлық шойын балқытылды.

Төлеутай Сүлейменов, ҚР мемлекеттік қайраткері:

– Теміртау қаласы, металлургиялық комбинат – біздің жастығымыздың, достығымыздың, азамат болып қалыптасуымыздың куәсі. Біз ол кезде көп армандадық. Жарқын болашаққа ұмтылдық. Елбасының табанды еңбегінің арқасында шүкір, ол күнге де жеттік. 

Халықаралық интернет конференцияға бірнеше елден 50-ден астам адам қатысты. Замандастары Елбасының еңбегі жайлы естеліктер айтты. Сонау 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңде комбинаттың жұмысы тұралап, мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай өте ауыр еді. Бірақ Елбасы өзі негізін қалаған алпауыт кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Бар күш-жігерін жұмсап, аз уақытта өндірістің тамырына қайта қан жүгіртті. Мұны осындағы металлургтер ешқашан ұмытпайды. Қазір комбинаттағы қаншама жастар да ұлт көшбасшысына қарап бой түзейді.

Әлібек Алпысбаев, жас металлург:

–Теміртаудың тұрғыны болған соң, әрине комбинатта еңбектенеміз. Көпұлтты металлургтер қатарынан болғаным мен үшін үлкен абырой. Елбасымыздың осында жұмыс істегенін мақтан тұтамыз. Сол кісіден үлгі аламыз әрқашан.  

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің саяси тұлға ретінде қалыптасқан құтты мекенін ешқашан ұмытқан емес. «Құрышты қалаға үнемі қамқорлық танытып келеді», – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек. Соның дәлелі соңғы 30 жылда мұнда қаншама әлеуметтік нысан салынып, қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы