418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы 12 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылады

  • 141
  • UPD: 10:10, 05.07.2020

Ақмола облысында биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында 12 ірі елді мекенде бірқатар әлеуметтік нысан жөнделіп, инфрақұрылым жақсарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұл үшін ел қазынасынан 8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.

Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр елді мекенінде биыл біраз оң өзгеріс болып жатыр. Мұнда қазір 24 көшеге асфальт төселуде. Осылайша бұрын жолдың азабын тартқан тұрғындар енді тақтайдай тегіс тасжолмен жүретін болады. Жалпы, мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда.

Нұрлан Айсин, Красный Яр Ауылдық округінің әкімі:

– Жоба бойынша жылу құбырлары тартылады. Бұл жылу құбырларымен біздің еліміздің үйлерінің, нысандарының 30 проценті қамтылады. Олар жұмыстарын бастап жатыр. Осы жылдың аяқ кезінде, желтоқсан айына дейін, бітіреміз дейді.

Дәл осындай жұмыстар қазір Бурабай, Зеренді, Шортанды, Целиноград, Атбасар, Бұланды, Астрахан және Аршалы аудандарында да жүргізіліп жатыр. Жолдан бөлек, аталған аудандарда спорт және мәдениет нысандары салынып, мектептер пен ауруханалардың ғимараттары жөнделеді.

Қанат Дүзелбаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

– Мәселен, Астрахан ауданының Бастау ауылында мәдениет үйін салу жоспарланған. Ал Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. Шортанды, Бурабай, Сандықтау аудандарында білім ошақтары жөнделіп жатыр.

Жалпы, өткен жылы осы бағдарлама бойынша өңірде небары 3 ауылдың ғана жолдары жақсарып, әлеуметтік нысандары жаңартылса, биыл бұл тізім 4 есе ұлғайды. Ал алдағы жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасына енетін елді мекендердің қатары одан әрі көбейеді», – дейді мамандар. Себебі 2026 жылға дейін аймақтағы 600-ден астам ауылдың жартысына жуығын осы бағдарламаның көмегімен ажарландыру жоспарланған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы