418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел жүрегі – елорда

  • 130
  • UPD: 20:49, 06.07.2020

Елорданы көшіру қиын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талайдың бойын күдік билесе де, Елбасы ойын өзгертпеді. Бұл тарихи іс еді. Арқада жаңа астана бой көтерді. Аз уақытта бас шаһар әлемге кең танылды. Әсем қаламызға бір сәт көз жүгіртейік.

Қазақ айтқан ғой. «Кедей болсаң көшіп көр» деп. Бір үйді көшірудің өзі оңай емес. Ал бүтін бір елдің астанасын көшіру қандай екенін салмақтап көріңізші. Қиын, ә?! Қиын болса да Елбасы елорданы Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне алып келді. Қазақтың қайраткері, ірі ғалымы Мырзатай Жолдасбеков сол бір тарихи сәттің куәсі болған кісі. Ел ағасы былай дейді. «Астананы көшіру процесі Нұрсұлтан Назарбаевты тым қатты толғандырған».

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Астананы көшіруіміз керек деп жүрді. Қазақстанның талай қаласын аралады. Ол кезде біз бір түскі ас ішеміз. Ол кісі мына Целиноградтан келді, Ақмоладан. Сонда шай ішіп отырғанда «Мен осы талай жерді көрдім. Дүниежүзінің астаналары негізінен өзен жағасында салынады. Мен мына Есіл өзенінде тұрып, біраз қарадым. Осы Ақмола жақсы жерде тұр, Еуразияның орталығында тұр» деді.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген бар ғой. Елбасы зиялы қауыммен әбден ақылдасқан. Астананы көшіруге біразы қарсы болыпты. Біразы дейміз-ау. Басым көпшілігі. «Халық аш. Жұрт 3 айлап жалақы, студенттер шәкіртақы ала алмай жүргенде қайдағы көшкен» деген сынды әңгіме айтылыпты. Содан ақыры Елбасы бұл ұсынысын Жоғарғы Кеңестің сессиясына салған.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Жұрт шулады. Әртүрлі пікір айтты. Көбі қарсы болды. Бірақ сол ішінен адамдар шығып, «әй немене шулаймыз? Астана бәрібір Алматыдан көшпейді. Бүгін бұл кісінің туған күні ғой. Бұл кісіге бүгін сыйлық жасайық» деп 100 пайыз дауыс берді. Бұл кісіге де керегі сол еді. Жоғарғы советтің түгел даусын жиып алды да, астананы көшіруге кірісті. Жасырып-жабатыны жоқ. Горбачевтің өзі «Северных областей Казахстана тяготеют к России» деді. Көшірмеуге ол кісінің басқа мүмкіндігі болмады.

Рас, басқа амал болмады. Ол кезде жергілікті ұлттың саны да аз еді бұл жақта. Әйтеуір не керек, Елбасы айтқанынан қайтпады. Көшірді. Ел мерейін өсірді. Санаулы жылдың ішінде ел астанасы адам танымастай өзгерді. Мұны көз көрді. Ең бірінші, халықтың саны өсті. Мәселен, 1998 жылы бұл өлкеде 300 мыңдай адам тұрса, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жетті. Дүниеге келетін сәбилердің қатары бірнеше есе көбейді.

Қаршыға Құлмұқанов, Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау палатасының атқарушы директоры:

– Бір қызығы, елордада ол кезде елорда емес, облыс орталығында жергілікті ақпаратта «ойбуй біз бүгін осы қалада 6 баланы дүниеге әкелдік»  десе, қазір күніне 60 баладан артық дүниеге келеді. Сондықтан қалада бала туу саны 8 еседен асып кетті. 8 жарым есе жетіп қалды. Айырмашылық өте үлкен.

Бүгінде қала еліміздің ірі бизнес орталығына айналды. Кәсіпкерлігі қарыштап дамып келеді. Бас қалада 130 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істейді. 2030 жылға қарай ел астанасында тұратындардың саны 2 миллионға жетіп, 2050 жылы 3 миллионнан асады деген болжам бар. Елбасының табандылығының арқасында осылайша Қазақ даласының қақ ортасында жаңа қала пайда болды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы