414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирусты анықтайтын жаңа әдіс табылды

  • 664
  • UPD: 21:03, 07.07.2020

Ел тұрғындарын коронавирусқа екі аптаның ішінде тексеріп шығуға болады.

Елордада індетті анықтауға арналған жаңа аппаратты сынақтан өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тест-жүйесін жасаған ғалымдар бұл әдіс тез әрі арзан екенін айтады. Олар лицензиялау жұмыстарын бітіріп, заңды түрде рұқсат алғаннан кейін сынақты бастайды.

Бұл кәдімгі алкотестер құрылғысына ұқсайды. Адам түтікшеге демалады, егер ағзасында коронавирус болса, наносенсорда ол үлкейіп көрінеді. Екі минуттың ішінде қорытындысы белгілі болады. Алдымен елордаданың ауруханаларында 400 адамды тексеріп көреді. Олар қосымша ПТР-тест тапсырады. Кейін екеуін салыстырады. Құрылғыны Финляндия астанасындағы зертхананың бірінде жасаған. Профессор, физика маманы Ристо Ораваның жетекшілігімен 30 инженер және дәрігер еңбек еткен. Олардың қатарында 23 жастағы қазақстандық Бақтияр Әжкен бар.

Бақтияр Әжкен, жас ғалым:

– Вирус ағазаға енген сәтте организм өзінің иммундық жүйесін іске қосып, қорғана бастайды. Реакция кезінде ақуыздар мен химиялық қосылыстар түзіледі. Оны сенсорда анықтауға болады. Яғни коронавирус жұқтырған адамның демі мен сау адамның демінде айырмашылық болады.

Бақтияр өңеш рагын ерте анықтайтын әдіс ойлап тапқан. Өткен жылы халықаралық конкурста үшінші орын алыпты. Жас ғалым әлемдік медицинаға өз үлесін қосқан. Ол туралы шетелдік ғылыми басылымдар мақала да жазған. Алайда өз елімізде ескерусіз қалыпты. Оның білімін бағалаған Ристо Орава өз командасына шақырған. Жаңа құрылғыны Хельсинкиде сынап көрген мамандар оның нәтижесіне таң қалыпты. Адам ағзасындағы вирусты 99,9 процентке дәл анықтап берген. Тек вирус емес, антиденені де көрсетеді.

Бақтияр Әжкен, жас ғалым:

– ПТР-тесттің дәлдігі 95 процент деп айтып жүр. Ал іс жүзінде 75-80 процент болады. Ал біздің жаңа әдіс 95 процентке дейін анықтап береді. Ол жасанды интелектіге байланысты. Жалпы 99 процентке жеткізбекшіміз. Бұл құрылғы қант диабетін анықтау үшін жасалған еді. Қазіргі жағдайға байланысты оны өзгерттік. Болашақта онкологияны анықтау үшін қолдануға да болады.

Тест жүйесі жеке ғылыми-зерттеу институтының зертханасында жасалса, оның негізін қалаушы Кристиан Тейдердің айтуынша, құрылғыны сынақтан өткізгісі келетін ел көп. Орта Азия елдеріне тарататын ортақ ел ретінде Қазақстанды таңдап, алғашқы партиясын дайындап қойған. Тест бағасы шамамен 2 мың теңге болады. Жоба авторлары бағаны өздері бақылауда ұстамақшы. Егер жергілікті өндірушілер қалтаның қамын ойлап, келісімді бұзса, құрылғыны жасау құқығын қайтып аламыз деп отыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы