421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сырбойылық шопандар қаракөл тұқымы жойылып кете ме деп алаңдайды

  • 255
  • UPD: 08:35, 08.07.2020
Сырбойылық шопандар қаракөл тұқымы жойылып кете ме деп алаңдайды

Орта Азия халқының жылдар бойы сұрыптауы және өсіруінің нәтижесінде шығарылған еті мығым, шағын, жүрдек, құйрықты қаракөл тұқымының жойылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырбойылық шопандар түлікті сақтап қалуға мемлекет тарапынан түрлі тетіктер қолданылуы керек деп санайды. Өткен ғасырдың аяғында республика бойынша 6 миллиондай асыл тұқымды ұсақ мал болған. Қазақ қойшысы өсірген қаракөл елтірісін Азия, Еуропа тіпті мұхиттың арғы жағындағы құрлық елдері аттай қалап алатын. Тоқырау жылдары қолдағы түлік басы бірнеше есе азайып, қазір қаракөлдің 98%-інен айырылып қалдық. Сырбойылық шаруалар азын-аулақ малды сақтап, санын арттыруға талпыныс жасап көрді. Дегенмен мемлекеттік қолдаусыз іс өнбей тұр. Қойдың не терісін, не жүнін өткізе алмай дал болған шопандар салаға жаңа көзқарас, инвестиция керектігін айтады. Жеңіл, жұмсақ әрі жұқа елтірі сақылдаған аязды күндерде өңменіңнен жел өткізбейді. Елтірісі алтынмен пара-пар бағаланатын мыңғырған малдың бүгінде Қазақстан бойынша жүз мыңдайы ғана қалған. Жаңақорған ауданының бірнеше шаруа қожалығы асыл тұқымды түлікті қазірде өрбітіп отыр. Бірақ бұрынғыдай көл-көсір пайданың жұрнағы да жоқ, дейді шопандар.

Бағлан Тұртанов, малшы:

– Жүн өтпейді болса да, жүн дегенді қазір кез келген жерге қырқып, тастап, өртеп кетеміз. Терісі болса да өтпейді. Оны бұрындары алатын еді, қазір мүлдем сұрамайды. Тері деген жатыр, оны да өртейміз. Жүн алатын, ет алатын, терісін алатын жер болса келіп бізге тиімділеу болады. 

Бақыт Жексенбаев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда аудан көлемінде шаруашылықтарға тері, жүн өңдеу цехтарын салуға ұсыныс айтып жатырмыз. Бірақ ешқандай шаруашылық қызығушылық танытпай отыр.

 

 

Хабар 24 телеарнасы