426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада жабық кеш ұйымдастырған азамат анықталды

  • 225
  • UPD: 16:46, 15.07.2020
Елордада жабық кеш ұйымдастырған азамат анықталды Елорда әкімдігі

Тәртіп сақшылары қатаң шектеу шараларын бұзудың бірқатар фактісін анықтады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

«Полицияға түнде белгісіз біреулер Сарайшық көшесінде 50-ге жуық адам жиналған кеш өткізгені хабарланған. Тексеру барысында полицейлер 28 жастағы қала тұрғынының жабық кеш ұйымдастырғанын анықтады», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жағдайды түсіндіру үшін барлық қонақтар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Тексеру нәтижесі бойынша 42 адам темекі бұйымдары мен электронды темекіні қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салуды, тыныштықты бұзғаны, алкоголь ішімдіктерін тұтынғаны үшін, бір адам – Қазақстанда тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін жауапқа тартылды.

«Аталған факті бойынша түсініктеме берген кештің ұйымдастырушысы полицияға өзінің бұрын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін қызметі тоқтатылған елордалық кафелердің бірінде жұмыс істегенін түсіндірді. Сондықтан ол коттеджді жалға алып, жабық кеш өтетін орынның мекен-жайын әлеуметтік желі арқылы алдын ала хабарлап, келушілерді қабылдаған», – деді полиция қызметкерлері.

Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау туралы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиена стандарттарын бұзғаны үшін жалға алушыға қатысты жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдауға тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

Ал полиция мен Нұр-Сұлтан әкімдігінің өкілдері 20:00-ден кейін елорданың ойын-сауық нысандарына бірлескен рейд жүргізді. Тексерулер көрсеткендей, қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, кейбір мекемелер жұмысын жалғастырғаны анықталды. Карантиннің бұзылуының барлық фактілері бойынша материалдар аталған мекемелердің иелерін жауапқа тарту үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тапсырылды.

Құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.

Хабар 24 телеарнасы