420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс депутаттары ауылдардағы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

  • 195
  • UPD: 11:51, 27.07.2020
Мәжіліс депутаттары ауылдардағы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

Мәжіліс депутаттары Гүлнар Бижанова мен Василий Олейник Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Бұқар жырау ауданының ауылдық округтерінде барды.

Мәжілісмендер коронавируспен күресуге, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған мәселелерді назарларына алды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Доскей ауылдық округінде Мәжіліс депутаттары бес қабатты ғимараттың жөндеу жұмыстарымен, модульді қазандықтың құрылысымен және ауыл ішіндегі жолдардың абаттандырылуымен, сондай-ақ дәріханалардың жұмысымен танысты.

Мәжілісмендердің пікірінше, осындай күрделі кезеңде мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – әртүрлі қызмет саласында мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау.

Г.Бижанова мен В.Олейник атап өткендей, бұл міндет Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында толығымен орындалуда.

Доскей ауылында көп қабатты үйлерде жылу және ыстық су проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін модульді қазандық салу үшін, негізінен Қазақстанда жасалған өндірістің материалдары мен жабдықтары қолданылуда.

Сонымен бірге ауыл тұрғындары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан нысанда жұмыс істейді.

Ауылда бес қабатты 40 пәтерлік үйге күрделі жөндеу жұмыстары да басталған. Мердігер де жергілікті. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 120 миллион теңге, аудандық бюджеттен тағы 75 миллион теңге бөлінген. Аяқталу мерзімі – биылғы қазан-қараша айлары.

Мәжілісмендер ауылдық округке жасаған жұмыс сапары барысында дәрі-дәрмектердің қажетті тізімі толық көлемде қолжетімді екенін және олардың бағасы қаладағыдан төмен екенін атап өтті.

Жергілікті әкімшілік барлық эпидемияға қарсы шаралардың қатаң орындалуын үнемі қадағалап отырады.

Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Ботақара аудан орталығында облыстық аурухананың дәрігерлерімен сөйлесті. Дәрігерлердің айтуынша, карантин тәртібінің енгізілуі емделушілердің санын азайтқан. Осы кездесуде бірқатар проблемалық мәселе де көтерілді.

Ең алдымен, бұл бюджет саласының қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алу құқығының жоқтығы. Егер мұғалімдерге қатысты мәселе «Педагог мәртебесі туралы» Заңмен шешілсе, онда медицина қызметкерлеріне, әсіресе қаладан ауылға келетіндер үшін бұл өте маңызды болар еді. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені өз бақылауларына алды.

Бұқар жырау ауданына жасаған сапарында мәжілісмендер тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқанына назар аударды. Көп балалы отбасылар үшін үш қабатты жалға беру үйі салынуда (54 пәтер, жалпы ауданы 3402 ш.м.)

Оның ішінде Үштөбе ауылында 18 пәтерлік бір үй, Ботақара ауылында 36 пәтерлік екі үй салынуда. Мердігер – қарағандылық шағын құрылыс компаниясы, ол осы жылдың қараша айында нысандарды уақытында жеткізуге кепілдік береді.

Сонымен қатар екінші нарықтан көп балалы отбасыларға пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен ақша бөлінді.

Мәжіліс депутаттары Г.Бижанова мен В.Олейник Өңірлерді дамыту бағдарламасының арқасында Ботақара және Қаражар ауылдарының су құбырлары қайта жаңғыртылатынына көз жеткізді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша екі жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Жаңақала ауылында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы» және «Шешенқара ауылында сумен жабдықтау желілерін қайта құру».

Айта кету керек, мемлекеттік сатып алу саласына қатысты бірқатар проблемалық мәселе көтерілді. Депутаттар бұл мәселені қосымша зерделеу қажеттігін атап өтті.

Қарағанды облысында одан әрі жұмыс сапарын жалғастырған Мәжіліс депутаттары ауылдық елді мекендерде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударады.

Хабар 24 телеарнасы