415,57 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында медицина қызметкерлері мен науқастар тегін қымызбен қамтамасыз етілуде

  • 344
  • UPD: 21:57, 27.07.2020

Алматы облысы Райымбек ауданының халқы ауруханадағы науқастар мен дәрігерлерге күніге тегін қымыз бен ет жеткізіп беріп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің осындай пейілінің арқасы болар, 50 шақты науқас ауруынан тез айығып, аман-есен отбасына оралған.

Райымбек ауданы бойынша 33 адам COVID-19 індетіне шалдыққан. Өкініштісі, 1 адам коронавирус инфекциясынан, 4 науқас пневмониядан көз жұмды. 48 тұрғын аталған ауру түрлерінен айығып, отбасы-ошақ қасына оралды. Аудандық аурухана жанынан 40 төсектік провизорлық орын жасақталды. Соның екеуі жағдайы ауыр науқастарға арналған.

Жантас Әкімбаев, Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Жағдайлары жақсарғандарды шығардық. Қазіргі таңда пневмониямен 16 науқас жатыр. Жағдайы ауыр 1 науқасымыз болған, қазір реанимация бөліміне алдық. Аудан азаматтарына, қазақ халқына, барлықтарына рақмет, біріне бірі көмекші болып жатыр.

Әр ауылдық округ күн сайын Райымбек аудандық ауруханасына 15-20 литр қымыз бен бір қойдың етін сойып әкеледі. Аудан халқы ортаға осындай ұсыныс тастаған соң ауылдық округтер ауруханаға қымызды кестеге сай жеткізіп тұратын болған. Бұл шараға қарапайым ауыл тұрғындары да атсалысуда. 

Нұржан Құдайбергенов, Райымбек ауданының әкімі:

– Біз кәсіпкерлердің арқасында емханаларға күніне 10-15 литр қымыз береміз. Етімен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қосымша 15 дәрігерді біз спорт мектебінде жеке, таза зона дейді ғой, үш кезекте дәрігерлерді сол жерде қарап отырмыз. Тамағы, жататын орны, емханаға жеткізілуін шештік.

Ғабиден Мұқатайұлы, Нарынқол ауылының тұрғыны:

– Елдегі қазіргі болып жатқан жағдайға қарсы қолымыздан келген көмегімізді ақ халатты абзал жандарға көмегімізді беруге дайынбыз. Қымыздың қасиеті 90 ауруға ем, ата-бабамыз ішкен.

Райымбек аудандық ауруханасында қажетті дәрі-дәрмектің екі апталық қоры жасақталған. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда жергілікті халық тарапынан қымызға деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Нарынқолдың өзінде бұрынғыдай қымыз жоқ. Саумалы саумал күйінде кетіп жатыр. Сол себепті жергілікті тұрғындар жайлау мен аудан орталығының іргесіндегі «Шоғансай», «Қақпақ», «Бес найза» сияқты демалыс орындарына ағылуда. 

Сәрсемхан Нұрбекқызы, кәсіпкер:

– Саумалдың қасиеті өте зор. Қанша адамдар қиналып келіп, осы саумалды ішіп, үйлеріне оралып жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді.

«Биенің сүті – сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма!» деп қазақ тегін айтпаған. «Жағдай тұрақтанғанша, аудандық аурухананы қымызбен қамтамасыз ету ісін жалғастыра береміз» дейді ауыл азаматтары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы