420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда құрылыс компаниясының жұмыскерлері екі жылдан бері жалақысыз жүр

  • 182
  • UPD: 20:08, 28.07.2020

Елордада құрылыс компанияның 28 қызметкері екі жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Жұмыс берушілер оларға 35 миллион теңге қарыз. Мекеме басшысы осы уақытқа дейін құрғақ уәдемен тойдырып келеді. Аракідік аз-маз ақша беріп көңілдерін аулағанымен негізгі берешекті бүгін-ертең қайтаратын түрі жоқ.

Айман Шыныбекова «Алатау-Сәулет»  компаниясының құрылыс бөлімінде қызмет атқарған. Осы мекемеде 2 жыл табан аудармай жұмыс істепті. Басында жалақысын уақытылы алғанымен уақыт өте келе жағдай өзгерген. Біраз уақыт кешіктіріп төлесе, кейін тегін жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Айман Шыныбекова, «Алатау-Сәулет» құрылыс компаниясының экс-қызметкері:

- Маған 2 миллион 800 мың теңге берешек. Басында 3,5 млн қарыз еді. Мұның сыртында белгісіз себеппен екі айлық жалақымды қысқартқан. Жә, ол маңызды емес. Қалған соманы алу үшін бірнеше рет басшылыққа бардық. Олар тек уәде береді. Жауап болмаған соң, бас прокуратураға да барып, арыздандық. 

Айман Шыныбековадан бөлек, тағы 27 адам осы мекемеден тиесілі еңбекақысын ала алмай жүр. Олардың әрқайсына компания кемі миллион теңгеден қарыз. Құрастырушылар мен инженерлер  бұл проблеманы сот арқылы шешуге тырысыпты. Бірақ оның да нәтижесі шамалы. Қолдарына тигені қарыздың 3-4% -і ғана. Бұл шамамен 50 мың теңгенің айналасы. 

Руслан Айтжанов, заңгер:

- Бастапқыда мекеме 50 млн қарыз болған. Біз бұл мәселені өзіміз шешкіміз келген. Бірақ соңғы уақытта уәде беріп қана келеді. Қазір 32 млн теңгесі қалды. Ал берешектің не себепті көп екеніне келсек компанияда 5-6 жыл жұмыс істеген азаматтар бар. Олар да ұзақ уақыт айлық алмаған. 

Сөйтіп компания қызметкерлерінің алды 5-6 жылдан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып келеді. Ал берешек серіктестік өкілдері бізді көп ұзамай қарыздың бір бөлігін төлейміз деп сендірді.  

Айгүл Бекшаева, «Алатау-Сәулет» ЖШС директорының м.а:

- Біз қарызды, міндетті түрде жалақыны төлейміз. Алайда қазір бізде мұндай қаражат жоқ. Ақша түскен мезетте қарызды жабатын боламыз. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз.

Серіктестік өкілі уәде бергенімен жұмысшылардың сенгісі жоқ. Өйткені заңгердің айтуынша, бұл компания тіпті лицензиясынан айырылған. Сондықтан алдағы тағдыры белгісіз. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы