426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы Индер ауданында жол құрылысы жүріп жатыр

  • 413
  • UPD: 21:49, 02.08.2020

Биыл жыл аяғына дейін төрт ауыл Атырау-Индер күре жолына қосылады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті 200-ден астам тұрғын жол салу жұмыстарына тартылған.

Жарсуат ауылдық оқругіне қарасты Қызылжар ауылы Атырау-Индер күре жолынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Алайда асфальт жолдың болмауы тұрғындардың орталықпен қатынасына айтарлықтай кедергі келтіріп келген еді. Биыл осы түйткілдің түйіні шешілетін болды.

Клара Ғабдуәлиева, Қызылжар ауылының тұрғыны:

– Бұрын асфальтқа жаяу шығатынбыз. Көліктеріміз балшыққа батып жатады.

Қызылжар мен іргелес жатқан Ақтан ауылы да биыл күре жолға қосылады. Екі ауылда 130-ға тарта отбасы тұрып жатыр. Фельдшерлік бекет те жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға тек алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ауыр науқастар аудан болмаса, облыс орталығына жіберіледі. Бұған дейін жолдың қиындығынан жедел жәрдем уақытылы жете алмай келген еді.

Айсана Өтепова, ауыл фельдшері:

– Жастарымыз вахталық жұмыста істейді. Жол салынғанына өте қауынштымыз. Ауырып-сырқаған жағдайда жеңіл көліктерге де, жедел жәрдемге де келу оңайға түседі.

Пандемияға байланысты жол құрылысы мерзімінен 1 ай кеш басталған еді. Жолшылар құрылысты мерзімінде аяқтауға жұмылған. Қазір учаскеде 12 техника мен 40-тан астам адам жұмыс істеп жатыр. Жол құрылысы жедел жүргізілгенімен, сапасына әсер етпейді дейді жолшылар

Заманбек Орынғалиев, жол учаскесінің басшысы:

– Осы жерді дайындап, тегістеп болғаннан кейін, жолдың биіктігі 40 см болады. Астына геотекстиль төселіп, оның бетіне 15 см ПГС, 15 см қиыршық тас төселіп, 10 см асфальт төселінеді. Жалпы ұзындығы 3 км, ені 7 метр болады. Жолды аяқтауды қазан айына жоспарлап отырмыз.

Ауыл жастарының басым бөлігі бұған дейін «Теңіз» кен алаңындағы мұнай-газ өндірісінде жұмыс істейтін. Енді пандемияға қатысты ол жоба қысқарып, жүздеген адам жұмыссыз қалды. Жергілікті билік оларды жаңа жобаларға орналастыра бастады.

Әлифолла Балахметов, Жарсуат ауылдық округінің әкімі:

– Жол жұмысынан үлкен үміт күтеміз. Осы жобаның аясында ауылымыздың жұмыссыз азаматтары – 42 адам жұмыспен қамтылғалы отыр. Яғни айналып келгенде әлеуметтік мәселенің шешілуіне оң ықпал ететініне сенімдіміз.

Шағын ауылдардың орталықпен қатынасы түзелсе, бір кезде жағдайдың жоқтығынан сыртқа қоныс аударғандар көшіп келмек. Қазірдің өзінде ауылдық округке жер телімін алуға 8 өтініш түсіпті. Жыл аяғына дейін осындай төрт ауылға тас жол тартылып, тағы екі ауылдың газ құбыры ауыстырылатын болады.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы