431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыдағы хайуанаттар бағының құрылысы тоқтатылды

  • 229
  • UPD: 21:45, 04.08.2020

Қарағандыдағы хайуанаттар бағының құрылысы тоқтап қалды, хабарлайды «Хабар 24».

Әу баста ғимараттың жобасы дұрыс жасалмаған екен. Құжаттағы кемшілікті анықтаған қамқоршылық кеңесінің мүшелері құрылыс жобасын қайта қарауды ұсынып отыр.

Ал, оның артық-кемін түзеп, жұмысты жандандыруға біршама уақыт керек. Соның кесірінен мұндағы аң-құстар қыста далада қалуы мүмкін.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Хайуанаттар бағындағы аң-құс қыстайтын ескі ғимарат құлап қалған соң 2018 жылы мұнда жаңа нысанның құрылысы басталған болатын. Ол үшін қазынадан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоспар бойынша ғимарат биыл маусым айында тапсырылуы керек еді. Алайда, жобалық-сметалық құжатта кеткен өрескел қателіктің салдарынан құрылыс уақытша тоқтатылған. Енді қала белсенділерінен құралған қамқоршылық кеңестің мүшелері құрылыс жобасының қайта қаралуын талап етуде.

Инна Радченко, қамқоршылық кеңестің мүшесі:

- Ғимаратта бірде-бір терезе жоқ. Қысқы және жазғы вольер арасына ешқандай есік салынбаған. Яғни, жолбарыс қандай да бір сиқырдың күшімен қабырға арқылы өтуі керек. Техникалық дәліз бен тордың арасына да есік қойылмаған. Сонда жұмыскер қалай өтуі тиіс, оған ешкім бас қатырмаған. Аңдарды бір тордан екіншісіне ауыстыратын қауіпсіздік қондырғысы да құжатта ескерілмепті.

Нысанға тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі. Ең қызығы, жобаға мемлекеттік сараптама жүргізілген және хайуанаттар бағының бұрынғы директоры ол құжатты мақұлдап, қол қойған.

Жұмаш Байділдә, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Ғимараттың жобасын әзірлеген мекемені жауапқа тарту үшін сотқа арызданбақпыз. Бірақ олар құрылыс жобасы хайуанаттар бағының басшылығымен келісілгенін және мемлекеттік сараптамадан өткенін алдыға тартуы мүмкін. Ондай жағдайда құжатты бекіткен директор жауап беруі тиіс.

Ең сорақысы, аң-құстың қыстайтын жері жоқ. Хайуанаттар бағының жұмыскерлері жаңа ғимаратқа көшеміз деген жоспармен ескі торларды түгел бұзып тастаған. Енді қайтадан қалпына келтіруге тура келеді.

Серік Ғабдулин, Хайуанаттар бағы директорының орынбасары:

- Оның ішінде бегемоттың бассейні болған. Сол бассейнді екі бегемотқа ұлғайтып, үлкенірек қылып жаңадан салып жатыр. Оның жан-жағындағы вольерлердің барлығын бұзып тастағанбыз. Енді қысқа қарай мына жаңа ғимаратқа кіре алмайтын себебімізден, бұзылған вольерлерді қайтадан қоюға тура келіп тұр.

Айта кету керек, қазір Қарағандыдағы хайуанаттар бағында аң-құстың 209 түрі бар, жалпы саны 1600-ге жуық. Олардың көпшілігі суыққа төзімсіз. Ал жаңа ғимараттың жобасын қайта жасау үшін қосымша қаржы мен уақыт керек. Сондықтан зообақ әкімшілігіне алдағы қыста амалдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы