421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» агенттігі жаңа байқау жариялады

  • 229
  • UPD: 21:51, 07.08.2020

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Хабар» агенттігі «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» атты байқау жариялады.

Оның ерекшелігі, ортақ Отанымыз жайлы түсірілетін көркем сериалға сценарий ұсынуға болады. Яғни, оқиғалар желісі қазақстандықтардың шынайы өмірінен алынады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қоғамда біз біле бермейтін өмірі өнегелі, ісі берекелі азаматтар көп. Олардың өмір жолы кез келген көркем фильмге арқау болуы мүмкін. «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» байқауының түпкілікті мақсаты осы – қарапайым қазақстандықтардың мысалында кинотуынды түсіру.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» жобасын «Хабар» агенттігі іске қосып жатыр. Барлық қазақстандықтар осы сайысқа қатыса алады. Киноновелланың авторы немесе кейіпкері болуға мүмкіндігі бар. Сайтында барлық ережелері бар.

Телетуынды сериал жанрында түсіріледі. Сондықтан оған бірнеше оқиға желісі таңдалады. Шығармашылық идеяның авторына қомақты сыйақы беріледі. Бір сөзбен айтқанда, жоба халықтық сипатқа ие болады. Басты талап – шынайылық. Яғни, кейіпкердің мысалы көпшілікке ерекше әсер қалдыруы тиіс.

Бақыт Қилыбаев, сценарлық шеберхана жетекшісі:

- Сценарийлерді іріктеп, үздік 50-ін таңдаймыз. Барлық өңірден оқиғалар желісінің болуына басымдық береміз. Сосын Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, 2021 жылы «Хабар» телеарнасының базасында осы 50 киноновелланы көрсетпекпіз.

Байқау жеңімпаздары түсірілімдерге де қатысып, кейіпкер рөлін өздері де сомдай алады. Оқиғалар желісін 1 қыркүйекке дейін жобаның ресми сайтына жолдауға болады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы