428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шоқан Уәлихановтың туған ауылы туризм орталығына айнала ма

  • 254
  • UPD: 22:23, 08.08.2020

Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Уәлиханов дүниеге келген Күнтимес ауылы қайта түлеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекенде республикалық білім беру хабы құрылмақ. Оның жұмысы жастардан тұратын үкіметтік емес ұйымдар мен ресурстық орталықтар мамандарын оқытуға негізделеді.

Республикалық білім беру хабы осы мектеп ғимаратында орналасады. Оқу ордасы төрт жыл бұрын жабылған. Содан бері қаңырап қалды. Қазір терезелері жаңартылып, төбесі жөнделді. Қаражатты қоғам белсенділері жинаған.

Елена Данилова, қоғамдық ұйымның атқарушы директоры:

– Елімізде жоғары және орта білім беру мекемелерінде «жас жұмысшы» деген мамандығы жоқ. Ал жастармен 2000-ға жуық жастар ресурстық орталығы мен үкіметтік емес ұйымдары жұмыс істейді. Сол себепті бұл мәселені өзекті деп санаймын. Ал жастар жұмыссыз отырмай, білімге талпынғысы келеді.

Хаб құруға Елена Данилова бастамашы болған. Өзі Сарыкөл ауданының тумасы. Идеяны жүзеге асыруға зәулім ғимарат іздегенде таңдау осы мектепке түскен.

Бұл кездейсоқтан жасалмады. Өйткені Күнтиместің өзіндік тарихы құнды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ауыл Шоқан Уәлихановтың кіндік тамған жері. Бұған бірқатар дәлел бар. Соның ең бастысы – Шоқанның өзі карта құрып, Күнтиместі туған мекені деп атауы. Одан қалды 2007 жылы мұнда әкесі Шыңғыс сұлтан салған үй мен мешіттің кірпіштері табылған. Жергілікті тұрғындар қаржы жинап осы жерге белгі қойыпты.        

Валерий Стародуб, өлкетанушы:

– Архив жазбаларында Шоқанның осы ауылда туғаны айтылады. Біз оны дәлелдеуге күш салдық. Мынау саз, құм, әктен жасалған тас Шыңғыс Уәлиханов салған үй мен мешіттен қалған. Шоқан біз тұрған жерде туды.

Күнтиместегі Уәлихановтер отбасы туралы осы керей мен уақтардың зираты да растайды. Бұл жерде Шыңғыстың жақын досы Өсіп деген кісі жерленген. Араб тілінде жазуы бар құлпытас Шоқанның әкесі бастамасымен қойылыпты. Күнтиместе қазір бес отбасы ғана қалған. Бала Шоқанға ескерткіш те, жәдігерлерімен шағын мұражай да бар. Бірақ қаңырап тұр. Өйткені ағылып келіп жатқан адам жоқ. 

Мырзағали Омаро, Златоуст ауылдық округінің әкімі:

– Мұнда су тартып, жол тарту экономикалық тиімсіз. Шипажайлы орын болып, киелі жер болып жастардың істеп жатқан жұмысы алға басса, мүмкін кісілер келер. Көктемде келіп, үйде тұрып. Үйлер бос. Ешкім тиіспейді. Саяжай сияқты кіріп мал, құс өсіріп қысқа дейін дайындалып, жастарға сүтін-сауып, қаймағын беріп деген сияқты.

Қоғам белсенділері Шоқанның тарихымен танысып, оқыту процесін күзде бастамақшы еді. Бірақ пандемия кедергі келтірген. Енді келелі іс бір жылға шегеріліп отыр. 

Елена Данилова, қоғамдық ұйымның атқарушы директоры:

– Негізінен түрлі оқулар Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты қалаларда өтіп жатады. Тарихы бай ауылдарда ұйымдастырылмайды. Ал Күнтимес ғұлама ғалымның туған жері. Жастарды тарихтан оқшаулауға болады. Олар киелі жерлерге барып, ел тарихына деген мақтанышты қалыптастыруы керек.

Күнтимес ауылы 2018 жылдан бері Қостанай облысының киелі жерлер картасына енген. Егер қоғам белсенділерінің бастамасы жүзеге асырылса, онда жергілікті билік елді мекенді туризм орталығына айналдыруға ниетті.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг, Ермек Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы