425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 11 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады

  • 187
  • UPD: 13:04, 10.08.2020

Жаңа мектеп, жаңғыртылған жол. Биыл Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданында 11 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа мемлекеттік бағдарлама арқылы бір миллиард теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Осылайша олар туған өлкенің көркеюіне үлестерін қосып жатыр.   

Тағыл ауылындағы мектептің іргетасы сонау 1963 жылы қаланған. Содан бері мүлдем жөндеу көрмеді. Сыртқы қабырғалары жарылып, төбеден үнемі су ағатын. Енді мұғалімдер мен оқушылар үшін бұл қиындықтар артта қалды. Білім ордасы жаңа оқу жылын жаңа кейіпте қарсы алғалы тұр. Ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталған.

Сағынбай Сүндеталин, Тағыл ауылдық округінің әкімі: 

– Әйнектер жаңадан қойылды. Төбесін бітірейін деп жатыр. Жылу батареялары жаңадан салынды. Ішкі әрлеу, жарық ішінде өткізілді. Екі спортзал, жаңадан асхана болады.

Комсомол орта мектебінде де құрылыс жұмыстары қызып тұр. Даму әлеуеті жоғары елді мекенде 100-ге жуық оқушы бар. Келер жылы Барвинов және Тимирязев ауылдарының білім ұялары жаңғыртылмақ.

Ал мынау ғимаратта паралимпиада чемпионы Александр Колядин спорттағы алғашқы қадамын бастаған. Аудандық спорт мектебі талай саңлақты өсірді. Қазір құрылысшылардан дамыл жоқ. Нысанды ағымдағы жөндеуге 30 млн теңге бөлінді. Белгіленген жұмыстар екі аптаның ішінде аяқталуы тиіс.

Юрий Степин, Сарыкөл ауданы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Жөндеу жұмыстары аяқталғанда күресетін боз кілем төсейміз. Еркін және және әйелдер күресін дамытамыз. Ал негізінен біздің балалар спорттың 5 түрімен айналысады.

Биыл аудан орталығындағы 10 шақырымдай жолға асфальт төселді. Ойран-топыры шыққан 4 ауылдың кіре берісі орташа жөндеу көрді. Барыс-келіс, алыс-беріс ретке келтірілді. Ал ұзындығы 24 шақырымға жететін аудан арқылы өтетін республикалық тас жолды жаңғыртуды жергілікті мердігер атқарып жатыр.

Ваник Мелоян,  мердігер:

– Осындай жауапты міндет бізге тапсырылды. Оны уақтылы аяқтап, сапалы орындауға күш саламыз. Асфальт зауытын тұрғыздық. Барлық талапты  қатаң ескеріп жатырмыз.

Жаңа кейіпке енетін инфрақұрылымдық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі сеп болған. Сонымен бірге тұралап қалған жергілікті кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандырған.   

Амантай Балғарин, Сарыкөл ауданының әкімі:

– Осы 11 инфрақұрылымдық жоба бойынша 286 адам жұмыс істеуі керек. Соның ішінде біздің орталық арқылы 143 адам міндетті түрде. Оның ережелері бар. Жол картасы бойынша өз кісілерімізді береміз. Олардың жалақысы 85 мыңнан төмен болмауы керек.

Сарыкөлде келер жылы да құрылыс жұмыстары тоқтамайды. Әсіресе, жолдады қалпына келтіруге басымдық беріледі. 2021 жылы бес көше мен екі ауылға кіре беріс 15 шақырым жол жаңартылады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Тархтенберг

 

Хабар 24 телеарнасы