420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде карантин салдарынан шығынға батқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

  • 165
  • UPD: 21:44, 23.08.2020

Карантин кезінде жұмысы тоқтап, шығынға батқан ақтөбелік кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа  республикалық бюджеттен 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Өңірде 60 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі болса, солардың біразы табысынан айырылған еді.  Қазір олар қайта іске кірісе бастады.  Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек әсіресе  ауыл кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болып отыр. 

Кәсіпкер Константин Демиденко дене шынықтыруға арналған  құралды  бір жыл бұрын алған.  Қажет заттарды сатып алуға    «Еңбек» бағдарламасы аясында берілген тиімді несиенің көмегімен тиген еді. Алайда спорт залы қажет саймандарға толғанымен, өткен үш айда оны қолданатын ешкім болмады. Салдарынан банкке барып, ай сайынға өтемақы төлеуді уақытша тоқтатуға тура келген. Ендігі мақсат –  бұрынғы жұмыс режимін қайта қалпына келтіру. Әзірге келушілердің қатары аз.

Константин Демиденко, кәсіпкер:

– Қайта ашылып, жұмыс бастағанымызға бес күн болды. Бірақ келушілердің қатары 65 процентке дейін төмендегенін көріп отырмыз. Ал бұрынғы қалыпта жұмыс істеу тәртібі қайта орнауы үшін әлі бірнеше ай қажет деп ойлаймын. Егер әрине қайта шектеу енгізілмесе.

Жеке істің тұрақты әрі қарқынды жүруі саудамен айналысатын Бибатпа Күнісованың да арманы боп тұр. Карантин кезінде ешқандай табыс болмай әбден қиналып қалған. Тек сауда үйі басшылығының орынды жалға беру ақысын уақытша тоқтатқаны көңілге үміт сыйлаған. Енді кәсіп қайта жанданса деген тілегі бар.  

Бибатпа Күнісова, кәсіпкер:

– 3-4 ай отырып қалған шығармыз. Сол уақытында сатылатын заттарымыз тұрып қалды. Жауып қойып отырдық қой. Енді білмейміз қалай болатынын. Бұйырғанын көреміз.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты клиенттен қағылған кәсіпкерлері шығынға батқанын жасырмайды. Саудамен айналысатындардың  жаз маусымына әкелген киім-кишектері мен басқа да тауарлары өтпей қалған. Ал табыс табудың оңтайлы жолын тапқандар онлайн сауданың тиімді болғанын айтады. Жалпылай алғанда, өңір бойынша электронды сауда көлемі карантин  кезінде 12 процентке  ұлғайған.

Талғат Данабаев, сауда үйінің әкімшісі:

– Әрине барлық жалға алушыға қиын болды. Бірақ біз олардың жағдайын түсініп, онлайн сауда жүргізуіге мүмкіндік жасадық. Бір-бірлеп кіргізіп, тауарларын үйден өткізуге көмектестік.

Бүгінде өңір бойынша 146 мыңнан астам адам жұмыс істейтін 60 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 10 мыңы шектеу шараларына байланысты жұмысын тоқтатқан. Енді ондай бизнес секторына қолдау көрсету қолға алынды. Соның ішінде жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар бөлу қарастырылған.

Қайрат Бекенов,  облыс әкімінің орынбасары:

– Осы жағдайда бизнеске мемлекет тарапынан әртүрлі қолдау көрсетілді. Егер біздің облысымызды алатын болсақ, бізге республикалық трансферттен 20 млрд теңгеден астам шағын және орта бизнесті қолдауға ақша бөлінді. Өткен жылмен салыстырған кезде бұл екі есе көп. Тек қана бүгінде 50 мыңнан астам қызметкерлер шектеулерден кейін жұмысқа кірісті.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қолдау шараларын негізінен ауыл кәсіпкерлері иеленіп келеді. Қазірдің өзінде бұл мақсатқа бөлінген қаражаттың 60 процентке игерілген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы