428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

  • 361
  • UPD: 18:08, 26.08.2020

Түркістан облысында жолаушылар автобусымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Алматы-Ташкент-Термез тас жолында 20-дан астам адам мінген жолаушылар автобусы аударылды.

Автобус Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 649 шақырымында аударылған. Жол көлік оқиғасы бүгін таңғы сағат 6:30 шамасында тіркелген. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері мен құтқарушылар автобустың ішінде қалған жолаушыларға көліктен шығуға көмектескен.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

– Полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына барып, автобустың ішінде қалған жолаушыларға көмек берді. Психологиялық тұрғыда және басқа көмектер көрсетілді. Жол көлік оқиғасы салдарынан екі азамат әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. 19 адамға медициналық көмек көрсетіліп, қазір олар үйлерінде.

Дәрігерлердің хабарлауынша, апаттан зардап шеккен 25 адам ауруханаға түскен. Олардың жетеуі бала, үшеуі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, төртеуі амбулаторлық ем қабылдауда. Жолаушылардың бірі жүкті әйел екен, ол облыстық клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр.  

Төлеген Құралбаев, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің м.а:

– Таңертең Алматы-Ташкент-Термез тас жолында автобус аударылып, 25 науқас Сайрам аудандық ауруханасына медициналық көмекке жүгінді. 8 Сайрам аудандық орталық ауруханасына стационарлық емге жатқызылды. Оның үшеуі перзенттік жансақтау бөлімінде. Екі науқас облыстық клиникалық ауруханасына жөнелтілді. Ұш науқас облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайлары тұрақты. Дәрігерлердің бақылауында.

Полиция департаментінің хабарлауынша, автобус Алматыда күрделі жөндеуден өткен. Алдын ала мәліметтер бойынша, апат қолайсыз күн райы салдарынан болуы мүмкін. Сарыағаш ауданына бет алған автобус жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жолдың оң жақ жиегіне шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізілуде.

Түркістан облысында аударылған автобус жуық арада жөндеуден өткен.

Хабар 24 телеарнасы