421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда діни нысандардың жұмысына рұқсат беріледі

  • 126
  • UPD: 22:01, 30.08.2020

Атырау қыркүйектің бірінен бастап карантин талаптарын жеңілдетеді. Өңірде эпидемиологиялық ахуалдың қалыпқа түсуіне байланысты ведомствоаралық комиссия осындай шешімге келді. Енді діни, мәдени нысандар мен спорт кешендерінің жұмысы жанданады. Олар жұмысын қалай жүргізеді?

17 тамызда карантин режимі жеңілдетілгенімен барлығына бірдей рұқсат берілмеген еді. 31 тамыздан бастап, шектеу шараларын жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Осыған орай мұнайлы өңірде мешіттер есігін айқара ашпақ. Қойылатын талап та жоқ емес. 

Мұхтар Ізғалиев,  облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы:

- Ұжымдық, топтық және жұма намаздары өткізілмейді. Оған әлі рұқсат жоқ. Әзірге бір-бірден келіп құлшылық жасауға рұқсат бар. Онда да санитарлық нормаларды сақтау керек болады.  

Шаһардағы «Иманғали» орталық мешітінде қайта ашылуға дайындық жүргізіп жатыр. Жұма намазы оқылмағанымен жеке құлшылық жасауға келген адамдарды қабылдайтын діни нысанда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, дезинфекциялық жұмыстар жүйелі жүргізілмек. 

Алтынбек Ұтысханұлы, орталық мешіттің Бас имамы:

- Тек ғана жеке намаздар оқылады. Әркім келіп, өз бетінше намаз оқитын болады. Және де неке қию, құран оқуға да мешітіміз ашық болады. Карантин шарттары да орындала отырып, намаздар оқылатын болады. Маска киіледі, арақашықтық сақталады және дезинфекция жүргізіліп тұрады. 

Мұнайлы шаһардағы спорт кешендері де қызметіне кіріспек. Алдын ала жазылу бойынша келген әр адам 5 шаршы метр жерге орналастырылады. Осылайша бассейндер мен жаттығу залдарының жұмысы жанданады. 

Динара Шәдеева, фитнес орталықтың басқарушы менеджері:

- 17 тамызда жаттығу орталықтары жұмысын бастағанымен бассейндердің қызметіне рұқсат берілмеді. Жаңа қаулы негізінде әрине сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, бассейндердің жұмысы мен ұжымдық жаттығулар басталады. Дезинфекциялық жұмыстарды да сәт сайын жүргізіп отырамыз. 

Мәдени нысандардың да қызметіне рұқсат беріледі. Бұл жерде де «бір адамға 5 шаршы метр» қағидаты  ұстанады. Ғимарат ішінің тек елу проценті ғана толуы керек.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Шектеу шаралары жеңілдетілгенімен, бетперде тағып, арақашықтықты сақтау әлбетте міндетті. Алайда той, ас беру секілді отбасылық шараларды өткізуге салынған тыйым күшін жойған жоқ. Сондай-ақ түнгі клубтар, караоке мен кинотеатрлардың қызметіне де рұқсат берілмеді. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы