420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында суармалы алқаптардың көлемі ұлғайып келеді

  • 180
  • UPD: 00:25, 01.09.2020

Алматы облысы суармалы алқаптарды ұлғайтып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісу өңіріндегі бірқатар су қоймалары мен бөгеттер қайта жаңғыртудан өтіп, арықтар мен тоғандар механикалық әдіспен тазартылған. Бұл жұмыстардың оң нәтиже бергенін өңірдегі несібесін жерден іздеген шаруалар сезініп отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қызылағаш су қоймасы 2010 жылы болған апаттан кейін толығымен қайта жаңғыртудан өтті. Бұл нысан 2011 жылы Үкімет қаулысымен жекеден «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансына берілді. Арнайы жоба әзірленіп, 2016 жылы құрылысы басталған осы су қоймасын жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді. 42 млн текше метр су жиналатын бұл нысан келешекте 9 мың гектарға жуық алқапты суландыруға мүмкіндік береді.

Рақымжан Разбаев, «Қазсушар» РМК Алматы филиалының бас инженері:

- Мына дамбаның ұзындығы 330 метр, биіктігі 555 метр. Мұның басқа инфраструктурасы дейміз, жолы, электр қуаты, тағы да жұмысшылардың үйлері, оның бәрі салынып, бүгінгі күні дайын тұр. Бұйырса, биыл 2020 жылы өткіземіз.

Дегенмен, бөгетке қажетті автоматты түрде басқарылатын жабдықтар әлі ел аумағына жеткізіле қоймаған. «Ол Голландиялық технологиямен жұмыс істейді. Ерте көктемде су аз болғанымен, биыл мұнда 20 млн текше метрдей су жиналды. Күзде бөгет бекітіледі. Ол шамамен 30 млн текше метрдей су жинауға мүмкіндік береді. Соның арқасында қосымша 5300 гектардай суармалы жер қайта айналымға енеді.

Александр Квитко, шаруа қожалығының басшысы:

- Пандемияның кесірінен адамдар жұмысқа шыға алмай қалды. Химиялық өңдеуден кейінгі қызылшаны шөптеу науқаны кезінде жұмысшы күші жетпей, әбден қиналдық. Сол себепті кестеден 20 күндей кешіктік. Екінші су беру кезеңі екі аптаға тежелді. Ол, әрине, өнімділік көлеміне әсер етпей қоймайды. Суармалы алқаптарға құбырмен немесе бетоннан жасалған арық тартылса жақсы болар болар еді.

Берік Тынышбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздің шаруашылықта 200 гектар суармалы жер бар. Оның 120 гектарына қант қызылшасын себеміз. Қазіргі күзге жақсы өнім күтіп отырмыз. Себебі уақытында барлық технологиялар жасалынды. Суармалы жерлер уақытында суғарылды.

Қазір жоба әзірленіп, Ақсу, Алакөл, Көксу және Ескелді аудандарында тоғандар тазартылуда. Ол өз кезегінде 35 мың гектардан астам суармалы алқапты қайта айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Ескелді мен Ақсу ауданында арықтарды механикалық тазалау, бетондау жұмыстары шамамен 80-85%-ке аяқталды.

Смайыл Құметов, «Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры:

- Жалпы қазір бір айдың көлемі болды судың жағдайы дұрысталды. Судың күнделікті келімі жақсы өзендерде. Қазір жалпы су алып жатыр. Аудандарда 1 тамызға су орындалуы 101%-ті құрады. 131 мың гектар жер келісімшартқа отырды. 7400-дей шаруа қожалығы келісімшартқа отырды.

Алматы облысындағы Көксу, Өсек су бөгеттері де қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Аталған нысандар алдағы жылы пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы