429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында оңтүстіктен көшіп келген отбасыларға арнайы квота бар

  • 264
  • UPD: 00:28, 01.09.2020

Павлодар облысында «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасына ерекше мән беріліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өңірде халық саны азайып барады. Жергілікті билік олқылықтың орнын толтыру үшін халық тығыз орналасқан өңірлерге барып, үгіт-насихат жүргізеді.

Көшіп келген отбасыларға арнайы квота бар. Жұмыспен қамтып, баспана мәселесін шешу әкімдіктің мойнында. Осы орайда жаңадан үй салып жатқан аудандар бар. Мәселен  Май ауданында жас мамандарға және басқа өңірлерден қоныс аударғандарға арналған бірнеше үй бой көтерді. Биыл аудан 24 отбасын қабылдайды.

Қос пәтерлі еңселі үйлер Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында салынып жатыр. Айналасы қоршалған әрі ауласы кең. Барлық коммуникациялық желілер тартылған. Жаңа үйлер ауылдың ажарын аша түскен.

Жанат Шакаров, құрылысшы:

- Біз үйдің құрылысына тек қана жаңа материалдарды пайдаландық. Орталық су жүйесіне қосылған. Дәретхана ішінде. Келген адамдарға ұнайды деп ойлаймын.

Жеке инвестициялар есебінен салынған баспаналарды әкімдік сатып алады. Екі пәтерлі бір үйдің құны 16 миллионға түскен. Жаңа үйлер ауданға көшіп келген отбасыларға жалға беріледі. Олар айына шамамен 6 мың теңге төлейді.

Өміржан Зілкенов, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

- Осы Көктөбе ауылында екі пәтерлі бес үй салынып жатыр. Соны біздің ауданның бюджетінен сатып алу жоспарлануда. Бес үй 10 пәтер. Осы қоныс аударушыларға сатып алынады деп жоспарлануда. 

Құрылысшыларға аудандық  «Жасыл ел» еңбек жасағы қолқабыс етті. Студенттер мен оқушылардан құралған топ үйлердің айналасын құрылыс материалдарынан тазартып, абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Қазір құрылысы толық аяқталған. Аудан жастары да осымен еңбек маусымын  қортындылады.

Базарбек Мәдениетов, жастар орталығының директоры:

- Биыл міне, үш бағытта жұмыс істедік. Саябақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру және жағажайларды тазалау. Үш отряд құрылған 45 баладан. Жалақысы уақытылы төленеді. +Оқушылар, студенттер жұмысқа жұмылдырылған.

Үш ай бойы туған ауылдарын көріктендірумен айналысқан жастар енді білімге ден қоймақ. Бірақ бәрі бірдей ауылда қалады. Себебі орта және жоғары оқу орындары да онлайн режимде жұмыс істейді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы