426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентті көркейтуге қомақты инвестиция тартылады

  • 144
  • UPD: 23:01, 11.09.2020

Шымкент қаласында зәулім үйлер салып, дамыған инфрақұрылым қалыптастыруға 133 млрд тг инвестиция тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімдіктің айтуынша, бұл – соңғы 10 жыл көлеміндегі ең ауқымды қаржы капиталы. Сол арқылы бұрынғы ипподром аумағы көркейеді. Атап айтқанда, бизнес орталық, мектеп, емхана, оңалту мекемесі және тұрғын үй кешендері бой көтереді. Алайда көпшілік арасында бұл іспен келіспейтіндер де бар.

Қаладағы көптен бері қаңырап бос тұрған ипподром аумағы мегаполистің жасыл аймағына кіреді. Әкімдік инвестордың ұсынысымен осы жердің инфрақұрылымын дамытуды қолға алды. Тұлпар өзенінің маңын абаттандырып, саябақ, жүгіру жолақтары және ақылды технология негізінде зәулім үйлер салады. Инвестор жобаға 133 млрд тг жұмсамақ.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– BI-group-тың ұсынысы бойынша заң талаптарымен жұмысты бастап кеттік. Ипподромды да көркейту керек шығар, бірақ біз мегаполиспіз. Басқа бағытта жұмыс істеу қажет. Бізге заманауи үйлер керек. Бұл да туризмнің бір бағыты ғой. Демалыс орындарын басқа жерге орналастыруға болады. Инвесторлар үй салуды бастағаннан кейін саябақ салуға біз де қаражат қарастыратын боламыз.

Дегенмен, Шымкент тұрғындарының кейбірі бұл жобаға бірауыздан қолдау білдірген жоқ. «Ипподром орнына тұрғын үй кешенін салу дұрыс шешім болмайды» деген белсенділер атшабар аумағын жеке меншікке беруге қарсы екенін жеткізді.

Рахманали Оразбаев, ҚР Құрылысшылар одағының вице-президенті:

– Қаланың басқа жағында мұндай жер телімі жоқ. Осы демалыс аймағын одан әрі дамыту керек. Элитикалық үйлер жайында айтар болсақ, бас жоспарға сәйкес басқа да орындар жеткілікті. Бұл жерге тиіспеу керек.

Нұрлан Архабаев, Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Әзірге келісім жүріп жатыр. Оның есебі шығарылады. Егжей-тегжейлі жоба жоспарлағаннан кейін халықтың алдына шығарамыз. Ескертулер, ұсыныстар айтылады. Сол жерде болатыны не болмайтыны шешіледі. Әкімнің ең бірінші міндеті – қай жерді тартуға болатынын анықтау.

Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, жоба қолдау тапса, 2021 жылдың көктемінде жүзеге асырыла бастайды. Құрылыс кезінде 9 мың адам еңбекпен қамтылады. Ал ипподром мен этноауыл басқа орынға көшіріледі. «Бастысы жасыл аймақтың экожүйесіне зиян келмейді», – дейді әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу жөніндегі түпкілікті шешім қоғамдық талқылаудан кейін қабылданады.

Хабар 24 телеарнасы