420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнайлы өңір қалыпты жұмыс ырғағына көше бастады

  • 101
  • UPD: 22:26, 12.09.2020

«Ластаушы қалпына келтіреді». Бұл принцип Атыраудағы ірі өндіріс орындарының басты ұстанымына айналуы тиіс.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі мұнай өндіруші ірі компаниялардың жетекшілерімен өткізген кеңесте экологияны жақсарту мәселесін ерекше тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар жиында көгалдандыруды күшейту, жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тарту тақырыптары да талқыланды.

5 айға созылған карантин мұнай өндіруші компаниялардың жұмыс жоспарына өзгерістер енгізді. Әсіресе, «Теңіз» кенішінің коронавирустің ошағына айналу қаупі жоғары болды. Төтенше жағдай кезінде жергілікті билік өндірісті де тоқтатпай, мыңдаған жұмысшыны да аман сақтаудың жолын тапты. 45 мыңнан астам адамның 27 мыңнан астамын отбасыларына аман жеткізді. Қазір ондағы ахуал толық бақылауда.

Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі:

- Жылдың аяғына дейін 25 мың адам, жалпы 40 мыңнан астам адам жұмысқа тартылуы керек. Санитарлық талаптарды сақтап, жұмысты ұйымдастыру бақылауда болу керек. Қауіпсіздікті сақтау керек, адам баласының денсаулығын сақтауымыз керек. Өндіріске кедергі келтірмей, үнемі бақылада болу керек.

Атырау жұртшылығын жылдар бойы алаңдатып келе жатқан басты проблеманың бірі — экологиялық ахуал. Президент Жолдауында айтылған жасыл белдеуді қалыптастыруға тоқталған аймақ басшысы зиянды қалдықты азайтып, жасыл технологиялар енгізуді күшейтуді тапсырды. Өйткені мұнай өндіруші және өңдеуші компаниялар ауаға жылына 180 мың тонна зиянды қалдық шығарады екен. Экологияны жақсарту үшін Атырауды көгалдандыруға арналған 5 жылдық бағдарлама жасалды. Оған мұнай компаниялары да өз үлестерін қосуға міндетті.

Қадыржан Арыстан, облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғат пайлануды реттеу басқармасының басшысы:

- Біз қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, экология департаментінің қатысуымен кәсіпорындарды зиянына қарап бағалап, осы қалада қандай учаскелерді беруге болады деген жобамызды жасадық. Біз осы ірі табиғат пайдаланушылардың осы алдымыздағы 5 жылда Мемлекет басшысының қойған тапсырмасын орындауға үлесін қосуын сұраймыз.

Жиында сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау, қауіпсіздікті ұстана отырып, жұмысты біртіндеп қалпына келтіру сынды өзекті мәселелер қозғалды. Инвестиция тарту мен ірі кәсіпорындарда жергілікті жұмысшылар санын арттыру да облыс әкімдігінің бақылауында.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы