426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде құбыр ауыстыру ісі тұрғындардың шағымын туғызды

  • 75
  • UPD: 09:08, 17.09.2020

Ақтөбенің қақ ортасындағы көпқабатты бірнеше үйде бір айдан бері ыстық су жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құбыр ауыстырудан туындаған коммуналдық мәселе тұрғындардың шыдамын тауысып, шағымдануына түрткі болып отыр. Жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылғанына алаңдап отырған олар салқын түссе жылусыз қаламыз ба деп ойлайды.

Қала ортасындағы бес үйге ортақ су құбырын ауыстыру жұмысы өткен айда басталған. Алғашқыда тұрғындар түсіністікпен қарап, әбден тозығы жеткен желінің жаңартылатынын естігенде қуанған көрінеді. Себебі бұрын тұрбалар жиі тесіліп, зардабын тартқан кездері көп болған. Алайда ыстық суды тоқтатудан басталған жұмыстың бүгінде аяқталатын түрі байқалмайды. Ескі құбыр ауыстырылғанымен, құрылыс әлі жүріп жатыр.

Жансәуле Дәулетова, қала тұрғыны:

– Істегенінен гөрі бұл кісілердің демалғаны көп болып тұр. Уақытында алғаннан кейін бітіру керек қой, халықтың жағдайына байланысты. Мына төрт үйдің адамдары осының кесірінен сусыз отырмыз неше уақыттан бері. Қазір жуыну былай тұрсын, әйтеуір тума-туысымызға барып келіп жуынамыз. Ал ыдыс жуғанда су ысытамыз,жүгіреміз.

Тұрғындардың шағымы жауапты мекемелер мен мердігер ұйым басшылығына да жеткен. Барлығы да таяу арада бұл істің толық аяқталатынын айтып отыр. Өйткені жалпы құны 30 млн теңгеге бағаланған жобаның іске асуын тапсырыс беруші – қаланың бас коммуналдық кәсіпорны бақылауға алған. Ал жұмыстың ұзаққа созылуы көрші елден алынған қажетті құбырдың кешеуілдеп жетуімен байланысты екен.

Махамбет Әжібаев, мердігер ұйымның өкілі:

– 10 қыркүйекте халыққа су беруіміз керек еді. Себебі Ресейден алынған материал кешігіп келді. Жылу беруші мекеменің айтуынша, 17-18-де қалаға су беріледі. Сол кезде біздің құбыр да жұмыс жасайды.

Дәл осындай жұмыс қазір қаланың әр бөлігінде орналасқан ондаған үйлердің ауласында жүріп жатыр. Құрылысы ұзаққа созылып немесе қарқыны баяулаған нысандардың ісі әлеуметтік желілерде жария етілуде. Бірақ шенеуніктер әр жұмыстың өз мерзімі барын айтып, шағым айтушыларды шыдамдылыққа шақырып отыр.

Байтұрсын Өксікбаев, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Алты мың метр шамасында жылу құбырлары ауыстырылуда. Себебі бұлардың салынған уақыты – 70 жылдар. Құбырлар толығымен тозығы жеткен. Ағымдағы жылу маусымына толықтай аяқтап, Ақтөбе халқын жылусыз қалдырмау үшін жұмыстар жүргізілуде.

Жалпылай алғанда биыл қаладағы жылу жүйесінің сегіз шақырымдық құбыры жаңартылмақ. Бұл мақсатқа бір млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал жылыту маусымы шаһарда келер айда басталады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы