428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді

  • 203
  • UPD: 21:40, 19.09.2020

Алматы облысында бүгіннен бастап карантин режимін жеңілдетудің кезекті кезеңі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті қаулыға өңірдің бас санитарлық дәрігері қол қойды. Енді діни нысандар, сұлулық салондары, сауналар мен фитнес-клубтар демалыс күндері жұмыс істей алады.

Сұлулық салондары мен шаштараздар қалыпты жұмыс кестесіне оралды. Енді олар демалыс күндері де ашық. Дегенмен, санитарлық талаптар әлі де қатаң сақталуы тиіс. Санитайзерлер, дезинфекциялық төсеніштер, қолғаптар мен маскалар – бәрі қолжетімді болу керек.

Альфия Хакимова, кәсіпкер:

- Кейбір клиенттер жұмыс күндері салонға келе алмайды. Оған қоса, жұмыс уақытында шектеулер болды. Енді олар демалыс күндері қуана-қуана келетін болды.

Санитарлық талаптардың бірі – нысандардың сыйымдылығы 50%-тен аспауы тиіс. Алайда, фитнес-орталықта келушілер саны онсыз да аз. Айта кетерлігі, енді маскасыз спортпен айналысуға болады. Бірақ әлеуметтік қашықтық сақталуы тиіс. Бір адамға кемінде 4 шаршы метр. Дүкендердің де жұмыс уақыты кешкі 21:00-ге дейін ұзартылды. Ал кафелер мен мейрамханаларға бір уақытта 50 адамға дейін орналастыруға рұқсат берілді. Бірақ би алаңдарының жұмысына әлі де тыйым салынған.

Әлия Шағиахмет, Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынады. Бұл жерде лотоклубтар, боулинг орталықтары, бильярдтар және кинотеатрлар жұмыс жасамайды. Демалыс күндері үлкен сауда үйлері, азық-түлікті, азық-түлікті емес базарлар өз жұмысын тоқтатады.

Облыста жалпы 4945 адам коронавирус жұқтырған. Өсім бір аптада 0,1%-ті құрады. Өткен тәулікте жаңа деректер тіркелген жоқ.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әділхан Сахари, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы