432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде сурдоаудармашылар неге жетіспейді?

  • 333
  • UPD: 13:09, 22.09.2020

Қазір көп мекеме онлайн жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қызметіне жүгіну үшін интернетке қосылып, компютер тілін білу керек. Ең бергісі халыққа қызмет көрсету орындарына кіру үшін де талон алу қажет.

Бұған халықтың көбі бой үйрете алмай жатқаны рас. Ал мүгедектер қайтпек? Олардың жағдайы қалай болып жатыр?

Назерке Тоқжан, тілші:

- Роза Дәрменова – елордадағы санаулы кәсіби сурдоаудармашының бірі. Негізі мамандығы – психолог. Алайда 6 жылдан бері құлағы ауыр еститін  жандарға жәрдемші болып жүр.

Роза Дәрменова, сурдоаудармашы:

- Елорда бойынша бізде сурдоаудармашылар өте аз. 6 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан адамдарым бар. Енді оларға мен туысы сияқты болып келемін, жай аудармашы емес,бүкіл өздерінің проблемаларын айтады, кейбірлеулерін үйлендіріп жібергенбіз, кейбіреуін перзентханаға апарамыз. Тек жұмыс ретінде қарамау керек. Шын нитеніңмен көмек беруің керек адамға.

Сәмиден Әбілдаевқа мылқаулық туа бітті жабысқан дерт. Жас жігіт 3 жыл бұрын Қызылордадан арман қуып елордаға келді. Оқу оқыды. Сәмиденнің айтуынша, алып шаһарда сурдоаудармашысыз күн көру мүмкін емес. Бүгін де электронды қолтаңба жасатуға Розаны еріте келді.

Сәмеддин Әбілдаев, қала тұрғыны:

- Аудармашысыз көп нәрсені түсінбей қаламын. Дәрігерге қаралғанда, жұмыс іздегенде олардың көмегі ауадай қажет. Маман табылмаған кезде амалсыз жалғыз барамын, бірақ көбіне адасып кетемін. Ал қасыңда аудармашы болса, алаңсыз жүресің әрі жұмысың да тез бітеді.

Нұрбол Кәрім, ХҚКО маманы:

- Қызмет алуға келеді. Біз ол кісіге веб камерасы бар комьютер қойып береміз. Ар жағында біздің қызметкер отырады, «сурдоонлайн» сайтында. Сол кісіге ым-ишара арқылы түсіндіріп береді, ол кісі кейін біздің операторға қандай қызмет алу керектігін құлаққап арқылы түсіндіреді. Кеңсе өзі 2016 жылы ашылған.

Орталыққа Сәмеддин секілді көзтаныс көмекшісімен келетіндер көп. Себебі қамкөңіл жандардың бейтаныс кісіге бірден ашылуы қиын, көп ешкімге сене бермейді. Ал елордада білікті сурдоаудармашылар  «Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінде даярланады. 2006 жылы ашылған ұйымда бүгінде 25 маман бар. Олар есту қабілеті кем 360 азаматқа жыл бойына қарайласады..

Жангелді Бекбатыров, «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ Ақмола филиалының басқарма төрағасы:

- Біздің орталық басқармамыз бар. Сонда комиссияның алдына емтихан тапсырады, содан кейін ғана куәлік беріледі. Оның арнайы бағдарламасы бар, сан, әріп, дактиль, соның бәрін кезең-кезеңімен үйретеміз. Көбінесе олардың ата-анасы, қарындасы, апасы-қарындастары сондай құлағы естімейтін жанұядан. Өйткені олар шын көңілмен жұмыс істейді.

Жангелді Байбатыровтың айтуынша, 3 айлық курс ым-ишара тілін үйренуге аздық етеді. Өйткені тіл дамып, термин көбейген сайын сурдоаудармашылар да білімін жетілдіріп отыруға тиіс. Екінің бірі таңдай бермейтін осы бір елеусіз кәсіпке кейінгі кездері бет бұрушылар да азайып кеткен. Әсіресе, қазақ тілді кадр қат. Мәселен, дәл осы орталықтағы 25 судроаудармашының 7-еуі ғана мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Жангелді Бекбатыров, «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ Ақмола филиалының басқарма төрағасы:

- Көп маман даярлауға біздің қаржымыз жетпейді. Үкімет тарапынан қаржы бөлінбейді, кезінде бөлінді, мысалы. Өйткені біз оқытушыға жалақысын төлеуіміз керек. Аудандық орталықтарда да құлағы естімейтін адамдар аз болағынмен де, маман жетіспейді. Бізге мысалы, Ақкөл, Аршалы ауданынан келіп үйреніп кеткендер болды. Өтініштері бойынша оқыттық, қазір одан басқан ешқандай аудан өтініш жасаған емес.

Онсыз да мүмкіндігі шектеулі азаматтар «сау әлеммен жалғыз жалғаушы – судроаудармашыларды көбейтуге көңіл бөлінсе екен» дейді. Көңілді күпті ететін тағы бір жайт: келер айдан бастап осы сурдоаударма қызметін алуға өтінішті арнайы порталға толтыру міндеттеледі. Пилоттық жоба алдымен Нұр-Сұлтанда, 2021 жылға қарай барлық өңірде іске аса бастайды. Алайда кемтар жандардың кейбірінде тіпті орта білім жоғын ескерсек, бастамаға бой үйрету олар үшін оңай болмайтыны анық.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы