428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы мия өңдеу зауытының жұмысы тоқтап тұр

  • 158
Қызылорда облысындағы мия өңдеу зауытының жұмысы тоқтап тұр

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 8 млн теңгеге салынған кәсіпорын 2013 жылдың аяғында ашылған.

Алғашқыда Жалағаш ауданындағы өндіріс өз өнімін Қытай мен Оңтүстік Корея нарығына шығарып, пайда таба бастаған еді. Бірақ 1,5 жылдан кейін зауыттың ісі алға баспай-ақ қойды. Негізгі шикізат қызыл мия қазір заңсыз қолды болып жатыр. Алтын тамырлы өсімдікке қырғидай тигендердің ашкөздігі, онсыз да экологиялық ахуалы ауыр Сыр өңірінің шалғынды алқаптарын солдырып, топырағын сорға айналдырып жатыр.

Толық автоматтандырылған озық технологиялы мына құрылғылардың шаң басып тұрғанына 4-5 жылдай болып қалды. Тәулігіне 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауыттың қаңырап тұрғанынан жүзге жуық жалағаштық жұмыстан қағылды. Кәсіпорын иелерінің айтуынша, нарықта мияға деген сұраныстың азаюынан баға түсіп кеткен көрінеді. Кәсіпті өрге дөңгелетуге сол тұсау болған.

Асылбек Шәменов, Жалағаш ауданының әкімі:

– Сол жылдары мия пайдалы болғандықтан, Қытайға экспорттаған кезде 1 тоннасы 30 мың доллар болған екен. Кейін сол баға 5 мың долларға дейін азайып кеткен. Бүгінгі күнге сұранысына байланысты нарықтық бағасы да өсірілуде. «Қазіргі таңда 20 мың долларға жақындап қалды», – деді.

Дәрі-дәрмек атаулының басым көпшілігінің құрамына қосылатын мия тамыры Сырдың бойында ауқымды алқапты алып жатыр. Биологиялық компонентке бай шөп көлеңкелі жолмен сыртқа да сатылып келді. Өткен жылдары полицейлер бірнеше дерек анықтаған болатын. Зауыт құрылтайшылары қазіргі таңда бұршақ тұқымдас өсімдікті қабылдап, терең өңдеу жұмысын қайта қосуды жоспарлап отыр.

Еркебұлан Балмаханов, технолог:

– Пандемия салдарынан Қазақстан қытайлық технологтар мен инвесторларымыз келе алмай жатыр. Жақын арада келіп, зауытты қосамыз деп отыр. Қысқа таман қосып қаламыз.

Асылбек Шәменов, Жалағаш ауданының әкімі:

– Құрылтайшысы өз қаражатына 16 млн 400 мыңдай теңге бөліп, зауытқа газ әкелу құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылтайшылар осыны биыл қосамыз деп бар күштерін салып жатыр. Шикізатты қоймада ұстап отыр. Тек қана облыс емес, көршілес Түркістан, Ақтөбе облыстарының компанияларымен бірлесіп, шикізат алатын көздер бар.

Ілгеріректе елімізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызыл мия өсірілетін. 90-жылдары 70 мың тоннаға дейiн азайды. Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау қиын болып тұр. Тиісті сала өкілдері тек мемлекеттік орман қорына тиесілі алқаптарды ғана тексеруге құқылы. Ал жеке адамға ұзақ мерзімге жалға берілген жерді бақылау мүмкін емес. Соның салдарынан өздігінен өсетін олжаға құныққандар құнды шөптің тамыры үшін көкорай шалғынды аяусыз шауып жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы