428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда «Шекарасыз мектеп» әлеуметтік жобасы қолға алынды

  • 92
  • UPD: 22:53, 24.09.2020

Алматыдағы «Педагогтар академиясы» қоғамдық бірлестігі «Шекарасыз мектеп» атты жобаны іске асырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба мүмкіндігі шектеулі мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған. Білікті ұстаздар мен озат оқушылар онлайн жүйесі арқылы еліміздің барлық өңірін қамтитын сабақ өткізеді.

Николай Баженов Оралда тұрады. Ол туабітті сал ауруына шалдыққан. Өз аяғымен жүре алмайды. «Шекарасыз мектеп» жобасы туралы естіп-білген соң дереу сайтқа тіркелген. Қазір онлайн дәріс тыңдап, білім алуда.

Николай Баженов, 11-сынып оқушысы:

- Осы жоба арқылы білім алып, кейін заңгер болсам деген мақсатым бар. Адам құқын қорғағым келеді. Оқу барысында ешқандай кедергі жоқ. Бағдарлама әдістемелік жағынан жақсы жасалған.

Үйінде отырып білім алатын балаларға өздерінің қатарластары көмектеседі. Валерия Доценко мен Балғын Бидахмет оқуда озат, «Алтын белгіге» үміткер оқушылар. Сабақ кестесіне сәйкес байланысқа шығып, белгілі бір пәннің ұқпай қалған тұстарын түсіндіреді.

Балғын Бидахмет, 11-сынып оқушысы:

- Бұл жобаға ұйымдастырушылардың шақыруы арқылы келіп отырмын. Бұл жобадағы «Алтын белгіге» иегер оқушылардың ең басты мақсатыөзінің құрбыларына көмектесу, яғни, еріктілер ретінде олардың жоғары оқу орнына түсіп кетуіне қол ұшын созу. Бұл қалай орын алады. Яғни, біз әлеуметтік желі арқылы олармен бірге тест немесе басқа да үй жұмыстарын, түсінбей қалған тақырыптарын көмектесеміз. Қол ұшын созамыз.

Ал, балаларды оқытатын мұғалімдердің барлығы республикалық «Қазақстанның үздік педагогы» байқауының жеңімпаздары. Білімді де білікті ұстаздар бұл онлайн дәрістері үшін ешқандай ақы алмайды. Өздерінің пәндеріне аптасына 1 сағат уақыт бөледі.

Нұрым Нұрғалиев, қоғамдық бірлестік төрағасы:

- Біздің ойымызша, баланың санын 100-ге жеткізсек, биылдыққа, сосын келесі жылы нәтиже көрсеткеннен кейін жақсы нәтиже көрсетіп жатса, келесі жылы географияны кеңейтіп, басқа елдердің мұғалімдерімен оқушыларын да қосып, халықаралық жобаға айналдыру жоспарымызда бар.

Сонымен қатар алдағы уақытта жобаның ауқымы кеңеймек. Соның аясында қоғамдық бірлестік әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын да оқытуды көздейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы