429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде жүрек ауыстыру операциясы небәрі екі рет ғана жасалған

  • 157
  • UPD: 23:27, 29.09.2020

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тізімі бойынша елде 130-ға жуық азамат жүрек трансплантациясына мұқтаж. 2012 жылдан бері жалпы 80-нен астам адамның жүрегі ауыстырылды. Былтыр 9 операция жасалса, биыл жыл басынан небәрі 2 науқасқа ғана донор табылған. Мұндай төмен көрсеткіш карантин мен донордың тапшылығына байланысты дейді мамандар. 

2008 жылы кардио жетіспеушілігі дертіне шалдығып, 4 жылдан кейін трансплантация жасатқан Жәнібектің жаңа жүрекпен жүргеніне биыл 8 жыл. Доноры әйел адам. Операциядан кейін араға 4 жыл салып ұлды болды. "Қазіргі жағдайым жақсы" дейді алғашқы пациент. 

Жәнібек Оспанов, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Маған донор болған әйелдің туысқандарына осы күнге дейін алғыс айтып келемін. Бұл олардың тарапынан жасалған саналы да салмақты сауап іс болды. Осы жағдай маған жаңа өмір сыйлап қана қоймай, ұлымның дүниеге келуіне септігін тигізді.

Жәнібектің айтуынша, әлемде мәйіттік донор табу қиын. Елде медициналық технология мен білікті мамандар жеткілікті. Бірақ қоғам арасында донорлық мәдениет қалыптаспай жатыр. Бұл пікірге осыдан бір жыл бұрын жүрегін ауыстырған Сәкен Қарабалаев та қосылады.

Сәкен Қарабалаев, қала тұрғыны:

- Қаншама кісілер, қаншама бауырларымыз осы донор табылмай, 5-6 жыл күтіп, о дүниеге кетіп жатқандар көп. Жасыратыны жоқ. Сондықтан бір жағынан қуандым. Менің донорым - ер адам. Менен бір жас кіші. Ал басқа қандай ұлт, кімдікі екенін оны айтқан жоқ.

Әлбетте елімізде жаңа ағзаға зәру жандардың саны кардиохирургия орталығындағы көрсеткіштен әлдеқайда көп. Әсіресе індет кезінде қатты байқалды. Ковид-19 кесірінен бірқатар науқастың жүрегі шыдас бермеді. Өйткені жүрек қан тамырлары ауруына душар болғандар вирусты ауыр өткереді, дейді дәрігерлер.

Айдын Қуанышбек, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының реаниматолог-дәрігері:

- Біздің клиникаға ең ауыр науқастар жатқызылды. Өйткені сіздер білесіздер дүние жүзі бойынша ВОЗ-дың көрсеткіші бойынша соңғы 15 жылда ең бірінші орынға өлім көрсеткіші жөнінде жүрек қан тамырлары бар ауру науқастар болса, сол науқастардың ішінде ең ауыр түрінде өтетіні жүрек қан тамырларында ауру бар науқастарда Ковид-19 ауыр түрде өтеді.

Карантин жарияланған кезде вирусқа қарсы күреске алғашқы болып атсалысқан медициналық мекемелердің қатарында кардиохирургия орталығы да бар. Клиникада ем қабылдаған 240-тан астам науқастың шамамен 1/3 бөлігі жедел көмек көрсету бөлімшесі арқылы шипа алды. Оның ішінде 15 пациент ЭКМО және 40 науқас өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылды.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Ерзат Зайтхан

Хабар 24 телеарнасы