428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шаруалар қанаттылардың нақты құс тұмауынан қырылғанын дәлелдеуі керек

  • 216
  • UPD: 09:13, 02.10.2020

Құс тұмауы эпидемиясы басылғанымен, шаруалар шаш етектен шығынға батып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет «құс тұмауынан кеткені дәлелденбеген жағдайда ақша беру мәселесі тіпті талқыланбайды» дегенге келтіреді. Ал Құс өсірушілер одағы «тұмау болмағанда қырылмаушы еді» деп дабыл қағуда.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қазақстанда тұмау эпидемиясы басталғалы қырылған 588 мың тауықтың 329 мыңы құс тұмауынан өлген. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, қалғаны табиғи шығын екен. Баспасөз мәслихатында комитет басшысына СҚО-ға қарасты Якорь ауылындағы фабрикада 520 мыңнан астам құстың неден қырылғаны жөнінде сұрақ қойылды. Маман былай деп жауап берді.

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Ол ауылдағы құс фабрикасына барып, жұмыс тобы мән-жайдың бәрін тексерді. Тексеріс кезінде анықталғанындай, ондағы өлген құстардың 256 мыңы ауаның жетпегенінен тұншығып өлген. Ол құс тұмауынан емес. Жалпы фабрикаларды тексерген кезде бізде құс өндіруші кәсіпорындардың міндеттері – жабық күйдегі мекеме ретінде танылуы керек. Сондықтан ол жерде вакцина қолданылмайды. Әлемдік тәжірибе солай. 61 фабриканың екеуі тексерілді. Және талапқа сай келмей отыр.

Зертханаға әкелінетін арнайы сынаманың алыну тәртібі бар. Құстың тұншығып өлгенін растайтын актілер де табуға болады. Соған байланысты нақты құс тұмауынан қырылғаны дәлелденген жағдайда ғана Үкіметтің есебінен құстың орташа бағасы төленеді. Ал жекелей мекемелер ұстап отырған құстың қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, оған мемлекет тарапынан қаржы жұмсалып, шығыны өтелмейді. «Заңды талаптар осындай», - деді Тұрсын Қабдолданов.

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Құс өсіруші болып істеген маман ветеринарлық дәрігер болып кеткен. Маман болмағаннан кейін ол жердегі ветеринарлық талаптардың орындалуы екіұшты мәселе. Сол мекемелерді тексеріп бару үшін оңайлықпен кіре алмайсың. Мораторий барын білесіздер. Құс фабрикаларын жиі тексеруге мүмкіндік тағы жоқ.

Дегенмен, Құс өндірушілер одағы бұл ақпараттармен келіспейтінін жеткізді. Олар тұмаудан өлген құстардың саны едәуір көп екенін айтады. Бұл вирус барлық құс шаруашылығын жайлауы мүмкін деген де болжам айтты.

Руслан Шәріпов, Қазақстан Құс өсірушілер одағының президенті:

- Бұл сандар құс фабрикалары басшыларының сөздерінен алынған. Сондықтан біз бұл ақпарат жалған емес деп санаймыз. Олардың барлығы 1 млн 268 мың 762 құс қырылды деп отыр. 692 мың айырмашылық болуы мүмкін емес. Бұл қателік.

Соңғы көрсеткіштер құс өлімі қарқынының төмендегенін көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы тәулікте Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында құс тұмауынан қырылу жағдайы тоқтаған.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы

Хабар 24 телеарнасы