427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысына емдеу құрылғыларымен жабдықталған автобустар берілді

  • 227
  • UPD: 22:00, 02.10.2020

Қостанай облысындағы шалғай ауылдарда медициналық қызметтің сапасы арта түсті. Екі ауданға заманауи емдеу құрылғыларымен жабдықталған автобустар берілді. Жылжымалы кешен жергілікті автозауытта құрастырылған. Алдағы уақытта тағы осындай сегіз техника аудандық ауруханалардың қарамағына өтеді.

Ыңғайлы әрі кең. Қостанайлық дәрігерлер медициналық автобустарды осылай бағалап отыр. Іші соңғы үлгідегі цифрлық емдеу құрылғыларымен жабдықталған. Рентген, флюроография, УЗИ және басқа да зерттеу аппараттары орнатылған. Кәдімгі 12 метрлік жылжымалы емхана сияқты.

Ксения Жылқыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Ішінде жеті кабинет бар. Мұнда дертті процестерді ерте анықтап, скринингтік тексерістер жасауға болады. Кешенді бірінші кезекте Қостанай және Федоров аудандарына тапсыруды жөн деп шештік. 

Облыс халқының 50 проценті ауылдық жерлерде тұратындықтан шалғай елді мекендерде мамандар тапшылығы байқалады. Сол себепті бұл мәселе осы кешеннің ықпалымен шешімін табатынына сенімді дәрігерлер.

Сырлыбек Месжанов, Қостанай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Біздің ауылдар енді 100-ден астам шақырымда орналасқан. Жоспар бойынша әр ауылға бір апта берсек, 2-3 күнде бір ауылды өтеміз. Сондықтан бұл кешен жыл бойы тоқтамай қолданыста болуы мүмкін.  

Автобус жергілікті автозауытта шығарылады. Бір ауысымда осындай төрт техника құрастыруға шамамыз жетеді, дейді өндіріс ошағының өкілдері.

Алексей Левашкин, «Сарыарқаавтопром» зауытының бөлім басшысы:

- Диагностикалық кешенді құрастыру кезінде денсаулық сақтау министрлігінің барлық талаптарын ескердік. Халық аптап ыстықта да, үскірік аязда да медициналық қызметтің толық спектрін алады. 

Мобильді кешеннің ұтымды тұстарына көз жеткізгендер көп. Қазан айында 100-ге тарта медициналық автобус еліміздің басқа өнірлеріне жол тартады.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы