429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде бірқатар аймақ ақ ұлпаға оранды

  • 117
  • UPD: 21:47, 05.10.2020

Еліміздің 9 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер мәліметінше, ертең Солтүстік Қазақстанда қар аралас жаңбыр жауады. Ақмола облысында ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді. Аймақта желдің екпіні секундына 28 метрге жетуі мүмкін.

Қарағанды облысында түнде қар жауды. Кеше ғана жаймашуақ болған күн райы қазір 0 градустан төмен болып тұр. Синоптиктердің болжамы бойынша күндіз ауа температурасы минус 6 градусқа дейін түсуі ықтимал. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, облыстың кей жерлерінде секундына 28 метр жылдамдықпен қатты жел соғады. Ал өңірде жылу беру маусымы 25 қыркүйекте басталды.

Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы:

- Алдағы 3 күнде Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі синоптикалық жағдай солтүстік-батыстан келетін суық антициклонмен анықталатын болады. Ол бұлтты өрістерді біртіндеп таратады, осыған байланысты түнде ауа температурасы минустық мәнге дейін төмендейді. Тек республиканың солтүстік және шығыс өңірлері ғана солтүстік циклон жырасының ықпалында болады. Мұнда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түседі, екпінді жел, көктайғақ, түнгі және таңертеңгі уақытта тұман күтіледі.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында да бүгін күн суытып, қар түсті. Мамандардың айтуынша, әзірге қар өңірдегі осы аймаққа ғана жауған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан қардың бірнеше милиметр түскенін байқауға болады. Десе де, жергілікті метеостанция қар жабындысының биіктігін тіркемеген. Ақ ұлпаның тез еріп кетуі ықтимал. Бүгін Ертіс өңірінде ауа температурасы -1 градусқа төмендеді.

Елена Головченко, инженер-синоптик:

- Аймағымызға салқын циклон келе жатыр. Осыған байланысты облыста ауа температурасы -6 градусқа дейін төмендейді. Ал өңіріміздің оңтүстігі, яғни Баянауыл ауданында қар түсті. Бірақ тұрақты қар жабындысы қалыпқасқан жоқ.

Павлодармен қатар Шығыс Қазақстан облысында да күн райы бұзылады. Түркістан облысында қатты жел тұрады. 7 қазанда Таразда үсік жүріп, сынап бағаны 1-3 градус аралығын көрсетеді.

Материалды аймақтағы тілшілер көмегімен дайындаған Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы