427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақы төбеттер енді қылмыспен күреседі

  • 94
  • UPD: 08:50, 06.10.2020

Қазақтың төбеттері қылмыскердің ізіне түсіп, есірткіні жаңылмай таба алады.

Елордалық кинологтар бөрібасарларды жаттықтыра бастады. Ерке, бірақ епті иттердің тілін табу қиын емес дейді олар.

Акбар мен Арабиканың Елордадағы полицей иттердің қатарын толықтырғалы жылға жуықтады. Мұнда алдымен Тайсон есімді ит бапталған. Үш жылдан бері өзінің ептілігін байқатқан бөрібасар қазір түзеу мекемелерін күзетеді.

Рауан Дәулетов, ҚПД кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры:

- Екі итті асырап жатырмыз. Бұл эксперимент түрінде деп айтса да болады. Жақсы көрсеткіштер болып жатса, әрі қарай өзіміздің қазақтың тұқымын дайындап, басқа бағыттарда да бұл иттерді қолдануға тырысамыз.

Төбет тұқымдас күшіктерге артылар жауапкершілік аз емес. Лабрадор мен ротвейлер, кәдімгі неміс, бельгиялық овчаркалар сынды олар да міндетін абыроймен атқарып жүр. Біз де сынап көрдік.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Біз қазір одорологиялық зертханаға беттеп бара жатырмыз. Арабика есімді мына төбет менің әріптесім Андрейдің иісі сіңген шүберектерді іздеп табуы керек. Барлығы үш шүберек. Олар ана тұрған құтылардың арасында жасырынған. Көрейік.

Көпшіліктен жасқанды ма, әйтеуір жас төбет тиісті нысанды араға уақыт сала тапты. Дегенмен еңбегін бағаладық.

Жас кинолог Гүлнұр Асанбай төбеттерді еркелетіп баптайды. Ортаазиялық алабайлар бір ғана маманмен жұмыс істегенді жөн көреді, өзгелерін жатырқайды екен. Есесіне өзара сенім мен берік қарым-қатынас айтарлықтай нәтиже беріп жатыр.

Гүлнұр Асанбай, кіші инспектор, кинолог:

- Жауапкершілігі ауыр нәрсе. Төбеттерді біз енді байқап жатырмыз. Жаман емес. Олардың бағыттары одорология, есірткі заттары, патрульдік қызметтер.

Акбар да қиын жерге жасырынған есірткіні тауып, тәнті етті. Жүктелген міндетті мүлткісіз орындаған иттер жаңа жылда жаңа қызметке кіріседі. Мамандар мұндай төбеттерді үйрету қиын емес дейді. Жануардың тілін тауып, машықтанған полиция департаментінің кинологиялық орлығындағылар 40 итті серік етіп келеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы