432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тазы мен төбет ұстау спорт түріне айналады

  • 252
  • UPD: 16:26, 11.10.2020

Қазақы тазы мен төбетті асырау ұлттық спортқа айналады. Сосын халықаралық деңгейде мойындалады. Елімізде алдағы 1-2 жыл бойы осы тұқымдас иттерге генетикалық талдау жүргізу көзделіп отыр. Нәтижесінде ЮНЕСКО деңгейінде ұлттық мұра ретінде ұсынылады. Дәл осы тазыдан ат бәйгесі секілді аламандар ұйымдастыру да жоспарда бар.

Қазаққа бағзыдан серік болған иттің түрі тазы мен төбет. Әуелі тазы жайында айтайық. Алдына түскен аңын алмай қоймайтын ол қазақ даласында 3 мың жыл бұрын пайда болған. Талай замандар өтіп, тазы да түрленді. Бүгін Орталық Азияда оның үш түрі бар.

Тік құлақ, жарғақ құлақ, шашақ құлақ. Екінші және үшінші түрі қазақ жерінде көп кездеседі. Бірақ жалпы саны кеміп барады. Ресми дерек бойынша елімізде 1500-дей ғана тазы бар. Қазақы төбеттің де төбесі көрінбей барады. Бар-жоғы 170 қана. 

Серік Жарасбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазіргі уақытта атбегі, құсбегі деген бар. Итбегі деген тек қоғамдық ұйымдарда ғана бар. Біз оны республикалық деңгейде, аймақтарда ресми мемлекет тарапынан болу керек деп жұмысты жасау керекпіз. Енді тарихқа тоқталсақ, Ботай деген аймақта өзіңізге белгілі Виктор Зайберт мына біздің көнеде жылқының қалдықтарын тапқан болатын. Сонымен бірге ол Ботайда жылқының қасында иттің қалдықтарын тапқан болатын. Бұл фактор біздің бабаларымыз мал баққында атпен қана емес, тазы-төбетпен болған деп дәлелдейді. 

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті тарихи құндылығымызды қайта жаңғыртпақ. Ол үшін министрлік тарапынан лицензияланған ұйым керек. Көп жылдан бері қазақы итті түгендеумен айналысып келе жатқан «Қансонар» бірлестігі осы іске демеу.

Федерация құрып, ресми жарыстар өткізуге мүмкіндік алмақ. Жарыс болғанда кәдімгі ат бәйгесі секілді тазылардың жарысына да куә болуымыз мүмкін. Содан кейінгі кезең – ЮНЕСКО деңгейінде қазақтың тарихи мұрасы ретінде таныстыру. Сонда ғана ұлтқа тиесілі дүниені ешкімнің меншіктеп алуға құқы болмайды.

Серік Жарасбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Екінші кезеңді алсақ, біз ресми жарыстарды өткізуге тырысамыз. Келесі жылдан бастап. Сонымен бірге біз Мәдениет және спорт тарапынан үлкен жұмыс тобын құрып жатырмыз. Жұмыс тобының қасында қалай дамытамыз жоспарды бекітеміз. Бірақ қазір бізде не тазы, не төбет тіркелмеген. Кезінде 1936 жылы бірінші рет осы 2 порода бойынша мақалалар шыққан болатын. Бірақ халықаралыққа шықпаған. Мысалы қазір қарасақ, Түркмения өз алабайларын тіркеп, дамытып жатыр. Біз де сол жұмыстарды дамытуымыз керек. 

Елордалық Алмас Оралбек бала кезінен тазы асырауға ерекше құмар. Кейін сол әуестігі ұлттық спортқа әкелді. Қазір ол жеті қазынаның бірін халықаралық жарыстарға апарып жүр. 

Алмас Оралбек, «Асыл қазына» тазы асылдандыру ұйымының мүшесі:  

- Ауылда жүргенде көрдік, қызықтық, аңға шықтық. Қазақ айтады ғой, сен жасамасаң, мен жасамасам, бұлардың күйі осылай қалып қалады. Еңбек еткіміз келеді. Соны жасап жатырмыз. Шамасы 20 жылдай. 

Ал бұл Алмастың баптап өсірген тазылары. Есімдері Тұйғын және Сұңқар. Қатысқан халықаралық жарыстарында олжа салмай қайтпайды. Жалпы осы қазақы тазыларға қатысты тағы бір түйткіл - олардың генетикалық тұрғыда толық зерттелмегені. Көршілес елдерде ұқсас тұқымдастары кездеседі. Бізге тиесілісі әлдеқайда жылдам келеді. Сондықтан осы ерекшелікті құжат жүзінде бекітіп алмақ керек.

Алмас Оралбек, «Асыл қазына» тазы асылдандыру ұйымының мүшесі:  

- Әрдайым бұларға еттен басқа дәрумендер, кальций сияқты. Адам ағзасы сияқты витаминдер керек. Жүгіруіне, аяқтарының сіңіріне пайдалы, сол үшін әрдайым қозғалыста болу керек. Енді мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе дейміз. Бәрі айтады, қолға алып жатырмыз деп, бірақ сонда да. Бұл ұлттық құндылығымыз ғой.

Мамандардың айтуынша, қазақы тазы мен төбеттің генетикалық ерекшелігін қазақстандық кинологтар да айтады. Сондықтан өзгелерінен оқшау ұстап, тұқымын сақтау қажет. 

Инна Назаренко, «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің бас кинологы:

- Біздегі тазылар генетикалық таза болуы керек. Оны иттердің басқа тұқымымен араластыруға болмайды. Өз тәжірибемде осындай жағдайлар көп кездесті. Кейбіреулер хабарласып, қазақы тазы мен ауған тұқымын қосқандарын айтты. Бұл дұрыс емес. Негізі қазақы тазыны иемденгісі келетіндер көп. Сондықтан біз оның 10-ға тарта генетикалық ерекшелігін дәлелдеп шығуымыз керек.

Сонымен қасқыр алып, мал қоритын қазақы тұқымдас иттерге қатысты жағдай осылай. Түйінді түйткілге мемлекет те араласа бастады. Мамандардың айтуынша, жеті қазынаның біріне баланған тазы мен төбеттің әлемдік деңгейде мойындалар кезі жақын. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы