430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қолда бар құсынан айырылған ауыл тұрғындары өтемақы мәселесіне алаңдаулы

  • 168
  • UPD: 23:12, 08.10.2020

Қолда бар құсынан айырылған ақмолалықтар өтемақы мәселесіне алаңдайды. Өткен айдың соңында өңірдегі тоғыз ауданнан құс тұмауы шыққан еді. Аймақта жалпы саны 2300-ден астам үй құсы қырылып, 13 ауыл карантинге жабылған.

Зеренді ауданына қарасты Қарлыкөл ауылының тұрғыны Алма Ахметова құс тұмауының кесірінен 42 қаз бен 35 тауығынан айырылған. Қанаттыларды кәсіп ретінде ұстаған бұл отбасы, күздігүні бір қазды 6-7 мыңнан сататынбыз. Енді мемлекеттен берілетін өтемақы нарықтағы осындай бағаларды ескере отырып берілсе дейді.

Алма Ахметова, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:

- Өтемақы төлейтінін естідік. Бірақ нақты қанша берілетіні айтылмады. Ветеринарлардың сөзіне сенсек, 15 қазанда бір сайт іске қосылады екен. Содан көруге болады дейді. Мысалы, біз қаз үшін кемінде 5 мың теңгеден бергенін қалаймыз. Ал тауықты тым болмағанда 1 мың теңгеден асыра бағаласа дұрыс болар еді. 

Ауыл қазір тып-тыныш. Көше түгілі аулалардың өзінен бір де бір құс атаулы көрінбейді. Себебі мамандар тірі қалғандарды да ауру таратпау мақсатында жойып жіберген. Тұрғындар олардың өтемақысы не болар екен деп алаңдаулы. Ал мамандардың сөзінше, өтемақы құсынан айрылғандардың бәріне беріледі.

Жайнар Төлегенов, Зеренді ветеринарлық станциясының ветеринары:

- Құстары жойылған барлық тұрғындарға өтемақы төленеді. Кімнен қанша құс кеткенін жою барысында тіркелді. Арнайы комиссия орташа нарықтық баға бойынша есептеп, бұл деректерді республикалық эпизоотикалық жасаққа жібереді. Осылайша республикалық бюджеттен құстардың иелеріне қаржы аударылады. 

Қыркүйек айының соңында аталған ауыл карантинге жабылды. Қазір елді мекенге кіріп шығу қадағаланады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге және шығаруға тыйым салынған. Шектеу шаралары осы айдың аяғына дейін созылуы мүмкін. Себебі ереже бойынша құстар толық жойылып болғаннан кейін де 21 күн бойы карантин сақталуы тиіс. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы