429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Есік қаласында балық шаруашылығы мамандары дайындалып жатыр

  • 132
Есік қаласында балық шаруашылығы мамандары дайындалып жатыр

Алматы облысындағы Есік форель шаруашылығы базасында ихтиолог мамандар дайындалып жатыр.

Балық мектебінің жұмысы туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында шаруашылық қожайыны Марлен Тұрсынәлі айтып берді.

«Балық шаруашылығындағы негізгі проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Осы саладағы білгенімізбен бөлісу мақсатында балық мектебін аштық. Сондықтан қазір Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, оқу орны базасында ғылыми-өндірістік орталық ашып, студенттерге теориялық білім беріп жатырмыз. Содан кейін бізде тәжірибеден өтеді де, жұмысқа орналасады. Қаласа өзі шаруашылық ашады», – деп түсіндірді шаруашылық директоры.

Биылдың өзінде шаруашылық мамандары 30 адамды оқытқан. Соның 10-ы жұмыс істеуге қалған.

«Балықты қалай тамақтандыру керек, қандай отырғызу материалдары қажет, бәрін көрсетеміз. Балықты аурулардан сақтауға бағытталған вакцинацияның жасалу жолын да көрсетеміз. Ал шаруашылықтың өзіндегі толық базалық курсты 10 күнде өтуге болады», – дейді М.Тұрсынәлі.

Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің 4-курсының студенті Жансұлу Үргенішбаева балық мектебін бітіріп, ихтиапотолог болып жұмысқа тұрып үлгерген.

«Біз балықтың ауруға шалдықпауына жауап береміз. Теория мен практиканы ұштастырып, жұмыс істеп жатырмыз. Оқыған бір басқа, көзбен көріп, қолмен ұстаған бір басқа. Сондықтан осы әдіс өте тиімді. Балықтардың ауру түрлері өте көп. Әр ай сайын дезинфекция жасаймыз. Суды тазалаймыз. Балықты арнайы бассейндерге шомылдырамыз»,- дейді жас маман.

Қазір Есік балық шаруашылығында балықтың 6 түрі өсіріледі. Олар: ханбалық, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, клариус сомы. 250 тонна форель, 50 тонна бекіре өндіріледі. Негізгі тұтынушы – Алматы қаласы мен облыс халқы.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы