432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулық дәрігерлер үстемеқысын ала алмай жүр

  • 161
  • UPD: 23:06, 09.10.2020

Қауіпті індет кезінде алғы шепте аянбай қызмет көрсеткен атыраулық дәрігерлер әлі күнге дейін үстемақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнайлы шаһардағы №1 емхананың қызметкерлері талапқа сәйкес құжаттарын әзірлеп арнайы комиссияға тапсырғанымен, әлі күнге нәтиже жоқ.

Асланбек Шығыр, тілші:

- 65 мыңнан астам атыраулыққа қызмет көрсететін бұл емханада 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Пандемия кезінде оның 90%-ке жуығы түрлі деңгейде ауру жұқтырған. Індеттің ілмегіне іліккен тұста аянбай қызмет етіп, апталап жанұясын көрмеген жандар енді құжаттары бола тұра көмектен құр қалып отыр.

Азамат Әділбекұлы, рентгенолог:

- Медицина қызметкерлерін қолдау ретінде әлеуметтік үстемақыға екі рет тапсырып көрдік, үміттеніп көрдік. Алайда себепсіз бізге отказ келді.

Лаура Зиноллаева, медбике:

- Біздер министерлікке жаздық Цой мырзаның атына, ол кісіден ешқандай жауап болған жоқ. Прокуратураға да жаздық, одан да жауап жоқ, ешқандай жауап жоқ, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаздық, бізге ешқандай жауап болмай отыр.

Облыстағы өзге медициналық мекеменің қызметкерлері тиісті үстемеақыларына қол жеткізгенімен, бұл емханадағылар әлі алмаған. Жауаптылардың айтуынша, 300 адамнан бар-жоғы 33 құжат қана қабылданып, комиссия мүшелері оның 9-ына үстемақы төлеуге рұқсат беріпті.

Асхан Байдуәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы поликлиникада қазір 27 және қосымша 5 материал жаңадан қаралып жатыр. Бүгін де комиссия жұмыс жасап жатыр. Негізінде Үкіметтің соңғы отырысында бізге тікелей тапсырма берілді. Бүгін осы жұмысты бітіруіміз керекпіз.

Иә, жауапты мамандардың айтуынша, бұл жұмыс бүгін бітуі керек екен. Демек, қалған дәрігерлердің құжаты сарапқа салынбақ тұрмақ қабылдануының өзі екіталай.

Айта кетейік, өткен аптада Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өз еркімен қызметінен кетті. Ол бұған дейін медицина қызметкерлеріне төленетін қаржының дұрыс берілмегені үшін қатаң сөгіс алған еді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Медицина қызметкерлеріне үстемақының төленбеуінен бөлек, бұл №1 емханада тағы бір былықтың беті ашылды. Емхана шотынан 70 млн теңгені белгісіз біреу электронды түрде ұрлаған. Қылмыскердің кім екені анықталғанымен, ол туралы ақпар әлі белгісіз. Ұшты-күйлі жоғалған қыруар қаржы дәрігерлерге берілетін үстемақы, коммуналдық төлемдер мен өзге шығындарды өтеу үшін республикалық бюджеттен бөлініпті. Осы жағдайдың кесірінен медицина қызметкерлері жалақыны да уақытында ала алмаймыз деп отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы