427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы «Орбита» көпқабатты үйінің тұрғындары сапасыз құрылысқа шағымданып отыр

  • 170
  • UPD: 08:16, 12.10.2020

Елордада «Орбита» деп аталатын тұрғын үй кешенінің жыры бітпей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғызылғанына 10 жылға жуықтаса да, құрылыс кезінде кеткен кемшіліктен түрлі деңгейдегі ақаулардың шығуы азаяр емес. Ал өткен жазда бастау алған қисайған балкондарын түзеу мен ғимараттың қасбетін ретке келтіру жұмыстарының аяқталар түрі көрінбейді. Салдарынан тұрғындардың кейбірі өзге үйлерді паналауға көшкен.

Юсуф зәулім үйде тұрып жатқанымен, қазір пәтерінің бір қабырғасы ашық. Бұл жазда басталған жөндеу жұмыстарының нәтижесі екен. Баспананың бұл бөлігінен өзге балконы мен тағы бір бөлмесі істің аяқталмауынан ашық-шашық күйде жатыр. Ал отбасы пәтердің бір бұрышын қымтап күнелтуде.

Юсуф, қала тұрғыны:

– Жуырда алғашқы қар жауғанда үйдің іші суып кетті. Жел тұрып, жаңбыр жауса да ызып кетеді. Ал өзіміздің кішкентай баламыз бар. Сондықтан қорқа бастадық. Мына жұмыстың қашан бітетінін білмейміз. Шағымымызды айтып талай жерге бардық. Алайда жанайқайымызды еститін жан болмай тұр.

Ал ең жоғарғы – 25-қабатта тұратындардың жағдайы мүлде мүшкіл күйге түскен. Үйдің сыртқы келбетін қалыпқа келтіру жұмыстарынан қабырғаларда енді сызат пайда болыпты. Түсқағаздардың артынан жел гуілдеп тұр. Төбенің де тесік екенін айтқан пәтер иелері шатырға қонған құстың да дауысы анық естіледі дейді. 

Тұрғындардың айтуынша, Петров көшесіндегі бұл зәулім үй жаңғырту  жұмыстарынан кейін осындай күйге түскен. Мердігер компания алдымен тұрғын үй кешеніндегі екі бірдей көпқабатты ғимараттың қасбетін сыдырып тастапты. Кейін қисайған балкондарды түзеу үшін оның жақтаулары бұзылған. Салдарынан үйдің терезелеріне де зақым келген көрінеді. Кейін қызу басталған жұмыс тоқтап қалған. Анықталғандай, мердігер ұйым қызметі үшін бюджеттен ақша күткен көрінеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Бұл мәселенің қашан жойылатынын әзірге нақты айту қиын. Бұған дейін пәтер иелеріне қолға алынған істің қыркүйекте аяқталатыны хабарланған. Кейін ол мерзім тағы өзгерген. Алайда тұрғындардың кезекті рет шағымынан соң, жұмыс қайта жалғасып жатыр.

Тұрғындармен кездесуге келген жауапты мекеме өкілдері бұл істі толық аяқтау үшін қаражат қаралғанын жеткізді. 

Ерлан Бердалин, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл «Орбита-1» және «Орбита-2» деп аталатын үй бюджет есебінен жаңғыртылып жатыр. Соңғы он жыл  бойы қасбеті жиі құлап, жақын маңдағы көліктерді зақымдады. Абырой болғанда адам зардап шеккен жоқ. Енді жергілікті атқарушы орган бұл іске араласады.

Жаңғырту жұмыстарынан 300-ден астам пәтерге зақым келген. Енді, жергілікті билік өкілдері бұл проблеманы тезірек шешуге мүдделі екенін айтады. Құрылыс басқармасы да жағдайды бақылауына алмақ. Әрі тұрғындардан құрылған бастамашыл топ істің барысын бақылайтын болады.

 Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы