430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның шалғай ауылдарында індеттің екінші толқынына дайындық жүріп жатыр

  • 216
  • UPD: 20:59, 12.10.2020

Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдарында да қауіпті індеттің екінші толқынына қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

40 мыңға жуық халқы бар Тарбағатай ауданында 200 төсек дайындалып, дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталды. Әлеуметтік нысандар медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылыпты. Той-томалақ пен өзге де жиындарға қатаң тыйым салынған. Осы облыстағы меншікті тілшіміз Болат Көкенайұлы жалғастырады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- 60 жастағы ақсуаттық Берік Кешкілов үшін өмір мен өлім алпарысқан күндер артта қалды. Қауіпті дерт жұқтырып, хал үстінде аудандық ауруханаға жеткізілген науқастың бетін бері қарату үшін ақ халаттылар жан аямай жүгірді. Бір жарым ай дегенде басын көтеріп, қазір денсаулығы жақсарған. Тек ауық-ауық бақылауға келіп тұрады.

Берік Кешкілов, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Бір ай 20 күн жаттым аппаратта осында реанимацияда. Тәуба, қазір әйбат болдым. Өлім аузынан қалдым енді. Дәрігерлерге мың алғыс! Бір Алла, содан кейін осы дәрігерлердің арқасында қалдым, түгел дәрігерлерге рахмет! Халыққа сақтанып жүрсін деп айтамын, маска тағып, қолдарын жуып жүріңіздер. Мына ауру ешкімнің басына бермесін, бұл өте қатерлі ауру екенін көзім көрді.

Ербол Оңалбаев, жансақтау бөлімінің дәрігері:

- Бұрын шынын айтқанда, бактериалдық пневмониямен күресіп жүрдік те, вирустық пневноманиямен біз енді бетпе-бет келгенде алғашында қиындықтар болды. Бірақ өткізілген семинарлар арқасында тәжірибе жинақтап, күресуге дәрменіміз жетті деп ойлаймын. Көп адамдар аппаратпен демалған кезде, демалысы қиындаған кезде сенгеніне соған қынжыламыз. Сондықтан мен халыққа айтарым, әлі де болса, міне, екінші толқын келе жатыр, әрқашан сақтық шараларын өздеріңіз үшін сақтауларыңызды сұраймын!

Қазір ауруханаларда қатаң тәртіп қалыптасқан. Осында келген кез келген науқас алдымен қатаң тексеруден өткізіліп, қауіпті дерт тіркелмесе ғана таза аймаққа өтеді.

Сәуле Жақыпжанова, емхана меңгерушісі:

- Ауруханамызда 329 адам вирус идентификацияланған коронавирус ауруынан емделіп шықты. Қуанышты жағдайымызға байланысты бірде-бір өлім-жітім болған жоқ. Ауыр науқастар болды, ол науқастардың бәрі аяқтарынан тік тұрып, жазылып шықты қазір үйлерінде.

Ақсуаттағы орталық ауруханада тағы бір игі жоба қолға алыныпты. Көп ұзамай медициналық мекемеде 50 нүктеге арналған орталықтандырылған оттегі жүйесі іске қосылады.

Асхат Смаилов, Тарбағатай ауданының әкімі:

-Жалпы бізде Ақсуатта 50 төсек дайын тұр, Ақжарда 50 төсек дайын тұр. Оның сыртынан инфекцияға деп 85 төсек ол да дайын тұр. Жалпы 200-дің үстінде төсектер дайын тұр. Барлық тойхана, қатымханалардың барлығы жабық тұр. Ол міндетті шарт, халық бәрін түсініп отыр. Ауылдарды аралап жүрмін, барлығы бетпердемен жүр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

-Тарбағатай ауданында 17 ауылдық округ бар. «Қазір олардың барлығында дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, дәрігерлер тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған», - дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. Ал мұнан өзге, 12 мобильдік топ қауіпті індеттің екінші толқынына сақадай сай.

Жалпы қауіпті індетпен күрестен ауылдың білекті азаматтары да тыс қалмапты. Бірі медициналық құрал-жабдықтар таратса, басқалары тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға азық-түлік таратқан.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы