428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Қаратұрық ауылы электр қуатына жарымай отыр

  • 114
  • UPD: 23:10, 12.10.2020

Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Қаратұрық ауылының тұрғындары электр қуатының әлсіздігінен зардап шегіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешке көмескі тартатын жарық, кейде мүлде өшіп қалады. Алматыдан 80 шақырым жерде орналасқан ауылда 4 мыңға жуық халық тұрады. Қалаға жақын болса да, өркениеттен алыс қалған ауылдың тұрғындары құзырлы мекемелерге шағымданғанымен, мәселе шешімін таппай отыр.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Қаратұрық ауылындағы мына қосалқы электр станциясы өткен ғасырдың 70-жылдары орнатылған. Қуаттылығы шамамен 120 үйді жарықпен қамтуға жетеді деген трансформатордың күші 70 үйге әрең жетіп тұр. Соңғы үш жылда станция жиі істен шығып, жарық сөніп қалу қалыпты жағдайға айналған. Тұрғындар «қас қарайып, кеш түсе тұрмыстық техника пайдаланбақ тұрмақ, әлсіз жарықтан көзіміз ауырады», дейді.

Блиц 1:

- 3-4 бөлменің жарығын қоса алмайсың. Жарық бірден сығырайып қалады.

Блиц 2:

- Телефоны күйіп кетті. Кір жуу машинасы күйіп кетті. Сөйтіп жатыр. Оның үстіне жел болса болды, бір жақта жарық жоқ, бір жақта көтеріліп кетеді.Электриктер не істеп жүргенін білмеймін. Блиц 3:

- Кешке жақын жарық болмайды. Не суды жақсақ, кір жуу машинасы жанбайды. Микроволновка дегенді қойдық.

Қаратұрық ауылының тіршілігі жарыққа тәуелді. Ауылда су жоқ. Сондықтан әр үй двигетель арқылы су шығарады. Жарық болмаса, су да жоқ. «Әсіресе, балаларға қиын», дейді тұрғындар. Қашықтан оқитын болғандықтан, компьютерді қосу мұң. Жарықпен қамтитын «Алатау жарық» компаниясы өкілдерінің айтуынша, күндізгі уақытта жарықтың кернеуі жеткілікті. Ал, нағыз жарық керек болатын кешкі уақытта қуаттың қаншалықты екенін ешкім тексермейді. Себебі...

Бекзат Малдыбаев, «Алатау жарық компаниясы» Шелек электр тораптарының басшысы:

- Сағат сегізден беске дейін жұмыс уақыты бізде. Біз енді түнде жұмыс істей алмаймыз. Неге десеңіз, біздің де жоспарларымыз бар, графиктеріміз бар.

Ауылдағы электр бағандары да апатты жағдайда. Желдің өтінде тұрған ауыл үшін бұл да қауіпті. Құзырлы мекеме мамандарының айтуынша, электр желілері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Алайда, Қаратұрық ауылына кезек қашан келері белгісіз.

Бекзат Малдыбаев, «Алатау жарық компаниясы» Шелек электр тораптарының басшысы:

- Мен оны айта алмаймын. Тура мынандай уақытта келесі жылы, болашақта, Құдай бұйыртса, ауыстырамыз. Кісілердің арыз шағымын, сіздердің келгендеріңізді басшыларымызға баяндап айтамыз, ол жақтан тағы қарастырады, бізге айтса болды, ақша бөлінеді, жасаңдар десе, біз жасап береміз.

Айтпақшы, электр қуатының біркелкі берілмеуінен тұрғындардың тұрмыстық техникасы күйіп кетсе, жарыққа жауапты компания шығынды өтеп беруге міндетті.

Бекзат Малдыбаев, «Алатау жарық компаниясы» Шелек электр тораптарының басшысы:

- Күйіп кетсе, тағы басқадан, біздің диспетчерлік қызмет бар, сол жаққа хабарласса тіркейді. Ешкім ондай күйді деген, тағы басқа арыз шағым түспеді. Жаңа мен әкіммен де сөйлестім, «сізге осындай арыз-шағым түсті ме» деп, «жоқ түскен жоқ», дейді. Өтемақыны төлейді.

Жарыққа жауапты компания тұрғындарға ескі қосалқы станцияның кернеуін көтеріп береміз деп уәде етті. Бірақ ол да мәселені түпкілікті шешпейді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы