422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда зағип жандар арнайы кітапхананың көшірілуіне қарсы

  • 274
  • UPD: 17:50, 19.10.2020

Қостанайлық зағиптар мен көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнаулы мекеме қайта құрылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше қажеттілігі бар оқырмандар үшін облыс орталығындағы кітапхана ішінен барлық жағдайы жасалған бөлім ашылады. Бірақ бұл ұсыныспен олар келіспей отыр. Неліктен?

Бұл арнаулы кітапхананың қала шетіндегі үш бөлмелі пәтерде орналасқанына 20 жыл өтті. Абоненттік бөлім мен әдебиеттердің шағын қоймасы бар-жоғы 58 шаршы метр аумаққа сыйыстырылған.  

Андрей Зелевский, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхананың оқырманы:

– Үлкен ғимаратқа бұрыннан зәруміз. Онда түрлі шаралар өткізуге болар еді. Шетелде солай ғой. Зағиптар – дыбыстық құралдарға тәуелді жандар.

Ерекше қажеттілігі бар оқырмандардың жанайқайы назардан тыс қалмады. Оларға қалалық кітапханалардың бірінен бөлме беріледі деп шешілді. Бірақ зағип кісілердің мұнымен келісетін түрі жоқ. Қарапайым келушілермен көршілес болу біраз ыңғайсыздық әкеледі дейді олар.

Лидия Тюева, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхананың оқырманы:

– Студенттер мен қарапайым оқырмандар көп келеді. Ал біз таяқпен жүріп, оларға кедергі келтіреміз. Өзімізді бір түрлі жайсыз сезінеміз.

Ольга Кузьминская, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхананың оқырманы:

– Бізге міндетті түрде бөлек бөлме қажет. Адамдармен күнделікті қатынаста боламыз ғой. Олар біздің зағип екенімізді қайдан білсін.

Жаңа ғимаратқа көшудің салдары қайта құрылымға әкеп соғады. Облыстық арнаулы кітапхана мәртебесінен айырылып, бөлімге айналады. Өз кезегінде бұл әдебиеттер түсіміне теріс ықпалын тигізеді. Кітаптар сатып алуға бюджеттен жылда 2,5 млн теңге бөлінетін, дейді директор.

Кенжегүл Мұратбекова, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхананың директоры:

– Брайль әдебиеті төрт кітап боп шығады. Біреуінің құны – 50 мың теңге. Егер біз бөлім болсақ, онда мұндай сомаға кітап алу мүмкіндігі болмайды.

Қазір кітапхана қорында арнайы әдебиеттердің 24 мың данасы бар. Олар бірнеше орында сақталған. Пәтерде барлық көлемін сыйыстыруға мүмкіндік жоқ. Дегенмен оқырмандардың бір бөлігі қала орталығына көшуге қарсы емес.   

Людмила Тупицына, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ ҚОФ басқарма мүшесі:

– Арнайы әдебиеттер үшін қаржыландыру сақталуы тиіс. Зағиптарға брайльді кітаптар қажет. Сонымен бірге Лисаков, Рудный қалаларында мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олар да барлық ақпаратты біздің арнайы кітапханадан алады.   

Оқырмандардың алаңдауына негіз жоқ. Кітапхананың қайта құрылуы қаржыландыруға және штаттың қысқартылу зардабына әкелмейді дейді шенеуніктер. Керісінше, оларға бар жағдай жасалады. Бірінші қабат түгелдей солар үшін жабдықталады.

Ерлан Қалмақов, мәдениет басқармасының басшысы:

– Жобалық құжаттама дайындап жатырмыз. Соған сәйкес бірінші қабатта біздің барлық кабинет, қызмет көрсететін алаңның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып қайтадан жабдықталады. Бұл деген сөз тек зағип жандар емес, басқа да ерекше қоғамның өкілдеріне жағдай жасалатын болады.

Жаңа ғимаратта ыңғайлы жағдайлар жасалып қоймай, кітаптарды сақтауға және түрлі іс-шараларды өткізуге қосымша бөлмелер қарастырылады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы